
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен қол күресінен 47-ші әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткен өңір спортшылармен кездесті. Салтанатты жиында әлемдік додада алтын медаль иеленген спортшыларға облыс әкімінің Алғыс хаттары, ақшалай сертификаттар және 2 спортшыға пәтер кілттері табысталды.
– Әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткендеріңіз үшін баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл додаға әлемнің 67 елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Еліміздің намысын 70 спортшы қорғаса, оның ішінде Түркістан облысынан 32 спортшы қатысып, 17 алтын, 6 күміс, 9 қола жеңіп алды. Әрбір жеңістің артында спортшының табандылығы, қажырлы еңбегі және жаттықтырушылардың тынымсыз еңбегі тұр. Сіздердің жеңістеріңіз – жас ұрпаққа үлгі және үлкен мақтаныш. «Шардара Армспорт» спорт клубына толағай табыс тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
Әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған спортшылар қатарында 85 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрдәулет Айдархан бар. Ол осымен 13-рет әлем чемпионы атанды. 55 келіде Ердәулет Нұрмахан алтын медаль жеңіп алып, әлемнің 6 дүркін чемпионы атанды. Ал 60 келіде Нұрсұлтан Алдан мен 65 келіде Ұлболсын Эльмурат екінші мәрте әлем чемпионы атағын иеленді.
Сондай-ақ 60 келіде Ұлжан Оралбай, 70 келіде Ырысты Оразхан, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында 90 келіде Ұлықбек Құралбаев, 50 келіде Жарылқасын Рүстембек, 65 келіде Бекжан Қожантай, 70 келіде Асылжан Базарбай, 75 келіде Асылжан Бекжігіт, 80 келіде Тұрарбек Тұрғанбек, 85 келіде Нұрболат Басымбек және 90 келіде Ердәулет Мұхамбетов әлем чемпионы атанды.
Армрестлингтен әлемдік аренада топ жарған спортшылар Шардара ауданындағы «Шардара Армспорт» спорт клубында тәрбиеленген. 2001 жылы Арман Қарсыбаевтың бастамасымен құрылған клуб ширек ғасырдан астам уақыт ішінде елімізге көптеген чемпиондарды дайындап шығарды. 2001-2026 жылдар аралығында мұнда дайындалған 150-ге жуық спортшы әлем чемпионы атанса, 119 спортшы әлем чемпионатының жүлдегері болған. Сондай-ақ 26 спортшы Әлем кубогын иеленіп, 5 спортшы әлемдік комбат ойындарының чемпионы атанған. Азия чемпионаттарында 347 спортшы топ жарып, 284 спортшы жүлдегер атанды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.





