Жуырда «Қарттар күнінің» құрметіне Ұзын ата ауылдық мәдениет үйінде «Қарты бар ел – қазыналы ел» тақырыбында аудандық термешілер байқауы болып өтті.

Ұлттық өнерді ұлықтап, үлкенге құрмет көрсету, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын тағылымды сөздерді насихаттау мақсатында өткен өнер додасы мазмұнды әрі әсерлі болды.

Қазақ халқы ежелден қариясын төрге шығарып, ақылын тыңдап, батасын алған. «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген қанатты сөздің өзі халқымыздың үлкенге деген құрметін айқын аңғартады. Қарияларымыз – елдің берекесі мен бірлігінің ұйытқысы, кейінгі ұрпаққа жол көрсетер ақылдың кені.

Байқау барысында термешілер қазақтың дәстүрлі терме өнерін нақышына келтіре орындап, өнегелі өсиет пен тәрбиелік мәні зор көрермен назарына ұсынды. Әрбір термеден ұлттық құндылыққа деген құрмет, ел мен жерге деген сүйіспеншілік, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету сынды асыл қасиеттер көрініс тапты.

Өнер додасына қатысушылар өз шеберліктерін ортаға салып, терме өнерінің терең тәрбиелік мәнін паш етті. Қазылар алқасы орындаушылардың дауыс мәнері, сахна мәдениеті, термені жеткізу шеберлігін бағалай отырып, өнер көрсеткен термешілерді марапаттады. 

Қ.Тұрысбеков ауылынан Сүгіралиев Сәрсенбек «Жұмақан Жақыпов атындағы арнайы жүлдемен», Қоссейіт ауылынан Сейітжаппаров Пердехан «Қарсыбай Серікбаев атындағы жүлдемен»,  Көксу ауылынан Боранбаева Эльмира «Уәли Сахов атындағы арнайы жүлдемен», Достық ауылынан Ербол Ұлман «Ташман Шекеров атындағы жүлдемен» марапатталды. Жүлделі 3-орынды Қызылқұм ауылынан Сатыбалдиева Алмагүл мен Ұзын ата ауылынан Жорақұл Жандос иеленді. Егізқұм ауылынан Табынбаев Таңжарбай 2-орынға ие болды. Ұзын ата ауылынан Тасқұлов Мейірбек 1-орынды иемденсе, Алатау батыр ауылынан қатысқан Зорбай Ернар Бас жүлдені жеңіп алды.

Ержан Оразов,

Ұзын ата ауылдық мәдениет үйінің қызметкері.