БІР ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛЫП, 100-ГЕ ЖУЫҚ ОТБАСЫ АЗЫҚ-ТҮЛІК СЕБЕТТЕРІНЕ ИЕ БОЛДЫ

Өткен аптада Шардара қаласы әкімінің ұйымдастыруымен, қайырымды жандардың қолдауымен жалғызбасты ана баспанаға ие болды. Осылайша «Харекет» қорының директоры Гүлмира Мұқнақызының демеушілігімен мейірімді жандар 6 бірдей бүлдіршін мен жалғызбасты анаға шаттық сыйлады.

Жалғыбасты анаға үйдің кілтін табыстау сәтіне қала әкімі Олжас Айдосов арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Қайырымды жандармен бірге қала басшысы да жаңа баспанаға оң болсын айтты. Қала әкімі берекелі іске ұйытқы болып жүрген қайырымды азаматтарға және қор директорына алғысын айтып, көпке үлгі болып жүргендері үшін ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде үйлі болған көпбалалы ана, Шардара қаласының тұрғыны Ләззат Дүйсенова да қуанышын жасыра алмай, қайырымды жандарға шын көңілмен алғысын білдірді.

Бұдан бөлек жүрегі жылы, қолы ашық, кең пейілді азамат қала әкімі Олжас Айдосов 1 наурыз – «Алғыс айту», 8 наурыз – Халық-аралық әйелдер күніне орай қайырымдылық акциясы шеңберінде қала әкімі аппаратының және орталық мешіттің ұйымдастыруымен жалпы саны 100-ге жуық отбасыға (көпбалалы, аз қамтамасыз етілген, мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен) азық-түлік себеттерін таратты.

 «Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің» деген. Ізгілік жолында иман мен сауапты биік қойған қала әкімі Олжас Айдосовқа айтар алғысымыз шексіз» – дейді аталған отбасылар.

Өз тілшімізден.