“Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек туралы” 2001 жылғы 17 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шартсыз немесе шартты ақшалай көмек

алушылардың қатарындағы бiр жастан алты жасқа дейiнгi балалары бар отбасының балаларына кепiлдендiрiлген әлеуметтiк пакет тағайындалып, берiле бастады. Жалпы, бұл санаттағы аудандағы 2161 балаға республикалық бюджеттен 137 492 мың теңге қаралған. Қазiрге дейiн құжаттарын тапсырған 599 балаға 8 477 364 теңгенiң кепiлдендiрiлген әлеуметтiк пакетi алынған.

Аудан әкiмiнiң орынбасары Бауыржан Шомпиев қалада тұратын көпбалалы аналардың алдында құттықтау сөз сөйлеп, оларға кепiлдендiрiлген әлеуметтiк пакет топтамасын тапсырды. Бiр және үш, үш және алты жастағы балаларға арналған пакеттi ашып көрсетiп, ондағы салынған 13 түрлi азық-түлiк жиынтығын жеке-жеке таныстырды. Жетi бала өсiрiп отырған ардақты ана Әлiмханова Дария үш баласына, үш бала тәрбиелеп, өсiрiп отырған Таңғатарова Гүлзада екi баласына осындай кепiлдендiрiлген әлеуметтiк пакетiн алып, мемлекетiмiздiң ана мен балаға деген қамқорлығына өз ризашылықта-рын бiлдiрдi. Осы сияқты елуге тарта анаға пакет таратылды.

– Кепiлдендiрiлген әлеуметтiк пакет жиынтығы 1-6 жастағы балаларға ай сайын, гигиеналық құралдар тоқсан сайын таратылады. Оны алуға тиiстi адамдар қаладағы 2-шағын аудандағы кәсiпкер Алтынкүл Құлжанованың Ұзыната көшесiндегi “Асылым” дүкенiнен, ал ауыл округтерiнде ауыл әкiмдiгiнен барып алуларына болады, – дейдi аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнiң әлеуметтiк төлемдер секторының меңгерушiсi Меңсұлу Сәтбекова.

Әлеуметтiк кепiлдендiрiлген пакет ендiгi жерде ай сайын кестеге сай жүйелi түрде таратылатын болады.

 Ж.СЕЙДУӘЛИЕВ.