Қасиеттi Рамазан айында сауапты тiрлiктердiң қатары молая түседi. Апта басында сондай сауапты iстiң үлгiсiн жеке кәсiпкер Нематiллә Абдуллаев көрсетiп бердi.

Жомарт жүректi азамат зекет есебiнде 21 қойды қала әкiмiнiң ұйымдастыруымен қалада тұратын тұрмысы төмен, көпбалалы және мүмкiндiгi шектеулi азаматтарға таратып шықты. Өзiнiң жүк көлiгiне тиеп алған тегене құйрық қошқарларды Нематiллә ағамыз баласы Тоқтар екеуi алдымен он бала өсiрiп отырған Қалдарбек Әшiмхановтың отбасына тапсырды. Осындай көмектi мүгедектiкке ұшыраған қайын атасы және қайнысымен бiрге өзiнiң 7 баласымен бiр шаңырақтың астында ғұмыр кешiп келе жатқан Азиза Левцоваға, арбаға таңылған Данияр Нысанбаевтың отбасына, ата-аналарынан айырылған Сұлтан Тұрлыбековке және басқа да көмекке мұқтаж азаматтарға таратып бердi.

– Алланың арқасында мал басын көбейтiп, шаруамызды дөңгелетiп келемiз. Асыл дiнiмiзде малдан зекет беру бар ғой. Соны осы ораза айында жасап, көмекке мұқтаж жандарға бергiм келдi. Осы ойымды қала әкiмi Ережеп Бекетке айтқан соң, қала бойынша ең мұқтаж отбасылардың тiзiмiн бердi. Қала әкiмiнiң қызметкерлерiмен бiрге сол отбасыларға таратып берiп жатырмын, – дейдi Нематiллә Дауылбайұлы.               

Кәсiпкер азаматтың осынау қайырымды iсiне риза болған мұқтаж жандар «ниетiңiз қабыл болсын, жасаған жақсылығыңыз Алладан қайтсын» деп алғыстарын бiлдiрдi.

Өз тiлшiмiзден.