Аптаның сәрсенбісінде Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев Шардара ауданына іссапармен келді.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев депутатты ең алдымен Шардара қаласындағы 120 пәтерлі тұрғын үй кешенімен таныстырып, ондағы тұрып жатқан тұрғындармен тілдесіп, тұрмыс-жағдайын сұрасты.
Сондай-ақ, индустриялды аймақтағы «Казкрахмал» жүгері өңдеу зауытының құрылысымен танысып, ондағы мамандармен жұмыс жоспарларын талқылады.
«Шардарадағы жүгері өңдеу зауытына мемлекеттік қолдау қажет. Кәсібін өз күшімен ашқан азаматтардың тірлігіне ризашылық білдіремін. Отандық бизнесті дамыту және қолдау Президент тапсырмасы, мемлекеттің маңызды экономикалық саясаты. Үкімет мұндай жобаларды қуана қолдауы тиіс» – деді Қ.Балабиев.
Бұдан бөлек, «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне қарасты балық зауытының балық өсіру бассейіндеріне барып, ауданның балық шаруашылығы бағытындағы жұмыстарын саралады.
«Еліміздің дүкен сөрелерінде қаптаған импорттық балық өнімдері. Мұхит пен теңіз көп емес, десе де су көздері жоқ емес. Геоплатформаға сай өнеркәсіпті дамытуға болады. Шардарада балық шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Қазақстандық өнімнің сапасы жоғары болғандықтан АҚШ, Израиль, Түркия, Польша, Германия, Венгрия сияқты мемлекеттерге экспортталуда. Кәсіпорындардың көбеюі бюджетке салық түсімінің артуы мен жергілікті жұртшылықты жұмыспен қамтуға кепіл болады» – дейді Мәжіліс депутаты.
Мәжіліс депутаты сапар барысында ауданымызда салынып жатқан «Жайлы мектеп» құрылыстарымен де танысып шықты.
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы Президенттің ізгі бастамасы. Игі іс "AMANAT" партиясының бақылауында. Үкімет басшысының өзі тікелей қадағалап, шұғыл қолға алмаса, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының уақытылы жүзеге асырылмай қалу қаупі бар. Мұны назарда ұстаймыз, – деді Мәжіліс депутаты.
Халық қалаулысы мұнан кейін Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің тұрғындарымен еркін форматта кездесу өткізіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Осы ауылдағы шабақ өсіретін кооперативтің жұмысымен танысты. Олар "AMANAT" партиясының "Ауыл аманаты" бағдарламасының шеңберінде 2,5 пайызбен 70 млн теңгедей несие алып, шабақ өсіруді бастап жіберген. Олар өсірген шабақты аудандағы балық зауыттары өз кәдесіне жаратады. Кәсіпкерлер партияның қаржылай қолдауына ризашылықтарын білдірді.
Мұнан кейін, «Amanat» партиясы филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізіп, қабылдауда болғандар тарапынан бірнеше мәселелер мен ұсыныстар айтылып, жауап берілді.
Сондай-ақ, ҚР Парламентіндегі халықтың игілігі үшін жасалып жатқан бірқатар заңнамалық өзгерістер мен жобаларды түсіндіріп, ауданға қатысты жұмыстардың барысын атап өтті.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.