Ел ішінде «Қасқыр ақын» атанған  Қарсыбай Серікбайұлының есімі өлеңсүйер, өнерсүйер қауымға етене таныс. Өмірден көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін жырға айналдырған ақынның қазірге дейін 2 жыр кітабы оқырманға жол тартқан. Таяуда сәті түсіп, ақын ағамен өмір жайлы, өлең жайлы сұхбаттасқан болатынбыз.

– Қасқыр аға, қазақ үшін кіндік кескен жердің жөні бөлек, орны дара. Сұхбатымыздың басын өзіңіздің туып-өскен жеріңіз туралы айтып берсеңіз?

– Мен 1949 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, «Қызылқұм» кеңшарының Дарбаза елді мекенінде дүниеге келдім (Бұл жер 1963 жылдан Өзбекстанға беріліп кеткен). Ондағы Абай атындағы қазақ мектепті бітірген соң, Самарқанд ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсіп, оны зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Одан соң әртүрлі шаруашылық ұжымдарда зоотехник және басқа да мамандықтар бойынша жұмыс істей жүріп, 1970 жылдан аудандық «Шаруа» газетіне тілшілік қызметке тұрдым. Сөйтіп жүріп, осы шежірелі Шардара өңіріне қоныс аударып, Нартай Сапаров ағамыз басқарған Комсомол кеңшарының (қазіргі Ұзын ата ауылы) мәдениет үйінде қызметтер  атқардым.

– Ал енді, шығармашылыққа қалай бет бұрып, өлең өлкесіне қашан табан тіредіңіз?

– Негізі мен бала кезімде жыраулық өнерге қатты қызығып, бұрынғы өткен ақын, жыраулардың жыр-термелерін жаттап өстім. Нағашы атам, анамның әкесі Тайызбек шайыр деген ақын болған. Ол кісі кәдімгі, әйгілі Нартайдың жиені болып келеді. Осындай кісілердің қасында жүріп, өлең өлкесіне тұрақтамау мүмкін емес сияқты.

Мен – лириканың ақыны емеспін. Көбінесе ғибратты терме, отты жыр, рухты өлеңдер жазғанды қолай көремін. Менің махаббат, гүл-пүл, жапырақ деп жазу қолымнан келмейді. Мұны мойындаймын.

– Сіздің есіміңіз – Қарсыбай, бірақ жұрт арасына «Қасқыр ақын» деген атпен танымалсыз.  Бұлай атануыңызды себебі неде?

– Мені бұрын жеңгелерім «қасқырлығы бар, асаулығы бар» деп Қасқыр атаған. Содан мен халық арасында Қасқыр атанып кеттім. Жеңгелерімнің ауызы дуалы болды ма, білмедім. Айтысқа да осы атпен шықтым кезінде.

– Қазақтың сөз барымтасы – айтысқа қатыстым деп отырсыз, кімдермен айтыстыңыз, сол туралы айта отырсаңыз.

– Жас кезімде Өзбекстанда қазақтардың арасында айтысып жүрдім. Кейін айтысқа жұлқынып шыққан кезім 1989 жылы еді. Атақты Таубай әулиенің құрметіне үлкен ас берілген болатын. Сол жерде үш ақынды жеңіп, бас бәйге алғаным әлі есімде. Бұдан өзге Ақтөбеде, Қызылордада өткен айтыстарда жүлдегерлер қатарында болып қайтқанмын. Айыстарға қатысып жүріп Әселхан, Тәушен апамен де сөз қағыстырған кездерім болды. Жарықтық Тәушен апам сахнада тұрып  «сен ақын болғанда да, ақынның қасқыры екенсің» деп бата бергені бар. Содан кейін 1992 жылы Ташкентте атақты қолбасшы, шешен, баһадүр Сырым Датұлының туғанына 200 жыл толуына орай өткізілген халықаралық айтысқа қатыстым. Ол жерде атақты Айтақын Бұлғақов пен Есенқұл Жақыпбековты жеңіп 1-ші орын алдым.

Тек өкініштісі, ел егемендігін алған 90-шы жылдары барлық шаруашылықтар ыдырап, бүкіл ел дағдарыстан не істерін білмей, күйзелген халық қап арқалап кеткен кезеңде отбасыма да оңай соқпады. Айтыс түгілі, өлең-жыр жазу жайына қалып, жан бағу жолына түсіп кеттік. Шығармашылық ақыны қашан да шаруаға олақ келеді емес пе? Бір жағымнан шамырқанған шабыт қысса, бір жағыман шын тарыққан қатын-бала қамы есеңгіретіп, тығырықтан шығар жол таппай әрі-сәрі күйге түскен кездерім де болған. Біршама алтын уақытымды босқа өткізіп, екі мыңыншы жылдардан соң қайта ес жиып, қолына қаламымды қайта алып, жаңа жырлар жазып, бұрынғы жазғандарымды жинақтай бастадым.

– Сізді атақты Тоқаш Бердияров, Мұқағали Мақатаев сияқты ақындармен сұхбаттас болған деп естиміз?

– Тоқаш Бердияровпен мен көп сұхбаттас болмадым. Бір-екі рет дидарлас болып, «көке» деп барып, қолын алғаным бар. Ол кісі өте асау ақын еді. Өзі соғысқа қатысқан. Мұқағали Тоқаш Бердияровты аға тұтқан.

Ал, Мұқаңмен жастық шағымызда бірге көп жүрдік, сапарлас болдық, мұңдас болдық, сырлас болдық. Мына Жетісайда Сабырхан Асанов деген ақын бар. Сонымен Мұқағали екеуі дос болған. Сабырханға арнап жазған арнау өлеңдері бар. Ал оны көп жерлерде айта бермейді. Сол Сабырханның үйіне көп келіп тұратын, Сарыағаштағы Тоқаш ағасының үйіне де қонақ болып кететін.

Бірде, Мұқаңмен сауықшыл күндердің бірінде, табиғат аясында серуендеуге шыққанбыз. Көп жүріп шаршап-шалдыққанын байқап, біраз жерге дейін арқалап апарғанмын. Сонда арқамда келе жатқан Мұқағали: «Ауырсындың ба, қарағым?» – деді.

Сонда мен: «Жоқ, сізді ауырсынбаймын ғой, бірақ бүкіл қазақтың поэзиясын көтеріп келе жатырмын. Сол ауырлық қылды» дегенімде, «Әп, бәтшағар» – деп күлімсірегені бар.

Мұқаң «бәтшағар», «қысталақ» деген оңтүстіктің диалект сөздерін көп қолданатын еді. Оңтүстікке келіп осы сөздерді үйрендім деп айтып отыратын.

– Қазіргі ақындарға көңіліңіз  тола ма?  Шығармашылығыңыз қалай болып жатыр?

– Өлеңге талас көп қой, бірақ мына заманға отты, жалынды, мінезді  ақындар керек. Ондай ақындар өңірімізде баршылық. Сондай ақындардың бірі де бірегейі – Әлібек Шегебай. Ол барып тұрған қара өлеңнің ақыны ғой. Өлеңдері қарапайым, шып-шымыр.

Ал өзімнің шығармашылығыма келсем, осы уақытқа дейін менің екі кітабым басылып шықты. Алғашқысы 2013 жылы «Өткел» атты жеке жинағым жарық көрсе, араға төрт жыл салып «Қасқыр ақын» деген екінші кітабым оқырманға жол тартты. «Қалғыма қара қазағым» деген атпен үшінші кітабымды шығарсам ба деп жоспарлап жүрмін. Кітапта өмірде азды-кемді көңілге түйгенімді қалың оқырманға ұсынғым келеді.

Осылай бірде бүктеліп, бірде тіктеліп өмірімізді сүріп келе жатырмыз. Өмірге түк өкпем жоқ.

– Уақыт тауып, сыр бөліскеніңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Бекжұма Матжанұлы.