Сәрсенбіде аудандық ардагерлер үйінде ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісі өтті. Шараға аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқсанбай Бердібеков бастаған бір топ аудан ардагерлері, ішкі саясат бөлімі және «Жастар орталығының» қызметкерлері қатысты.
Жиын аудандық ардагерлер үйінің алдында орналасқан монументке Тәуелсзідік күніне орай гүл шоқтарын қоюмен басталды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков сөз алып, біздің елімізге тәуелсіздіктің қалай келгені, қандай қиыншылықтардан сүрінбей өткеніміз туралы айта келе бүгінгі күнге дейінгі тәуелсіздік шежіресін кең баяндап, қатысушыларды алдағы келе жатқан мерекемен құттықтады.
Жиында «Әкелер мектебінің» қалада, ауылдарда атқарған жұмыстары туралы, мерекеге орай қандай жұмыстар, іс-шаралар өткізулері керек екенін де айтып өтті.
Одан соң ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Асылхан Данияров ардагерлерді мерекемен құттықтап, аудан көлеміндегі діни ахуал, жастар тәрбиесі жайлы кеңінен айтып өтті. Сондай-ақ ауданда бірнеше іс-шара қабат өтіп жатқаны айтылды.
Осы жиында Тәуелсіздік күніне орай «Qurmet-Abyroi, Birlik» қоғамдық бірлестігінің шешімімен көптеген ардагерлерге «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдары табысталды. Аталған марапатқа ардагерлер – Мұсахан Мархабаев, Назар Тоқсанбаев, Түгелқос Жанықұлов, Сейсен Қуан, Алдан Күнтуғанов, Әбілда Әбдіқадір, Жаңбырбай Танбаев, Шахаба Керімбеков, Қанат Бегалиевтер ие болды. Сонымен бірге көптеген ардагерлерге мерекеге орай Алғыс хаттар табысталды.
Өз тілшімізден.