Өткен аптада аудандық ардагерлер үйінде Тәуелсіздік мерекесінің алдында әскери міндеттерін интернационалдық келісім бойынша Германия Демократиялық Республикасында атқарған бір топ ардагерлермен кездесу болды. Жиынға ардагерлермен қатар ішкі саясат бөлімінің, «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері қатысты.

Кездесуде ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков  Германияда қызметтерін өтеген ардагерлерді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, еңбектері мемлекет деңгейінде ұмытылмағанын, құрмет тұтылатынын айтып өтті.

Тарихтан белгілі, екінші дүниежүзідік соғыстан кейін Германия елі бір-біріне текетірес екі бөлек мемлекеттен тұрды. ФРГ – батысқа, екіншісі ГДР – шығысқа достық қатынасты ұстанды. Кеңес үкіметі өзіне достық қатынастағы ГДР елін қорғап тұруға сол жылдары арнайы «Германиядағы Кеңес әскерлері тобы» (ГКӘТ) (орысша «Группа советских войск в Германии» – (ГСВГ) әскери бөлімін құрып, Варшава келісімшарты аясында үш жүз мыңнан астам әскерін интернационалдық келісіммен сонда жіберген болатын. Олардың арасында шардаралық сарбаздар да болды.

Жиын барысында Шардара аудандық ГКӘТ ардагерлер кеңесі филиалының басшысы Қалнияз Суясинов қатысушыларды алдағы Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, шараны жүргізуді өзінің орынбасары Балтабаев Маралбай Жамалбекұлына ұсынды. Өз кезегінде, ардагер М.Балтабаев ГКӘТ ардагерлері ұйымының филиалдары туралы кеңінен баяндап, бүгінгі күні Қазақстанда осы ұйымның 45 филиалы жұмыс істеп тұрғанын, жеті мыңнан астам ардагерлері бар екендігін, Шардара аудандық  филиалында 40-қа тарта ардагер тіркеліп тұрғанын айтып өтті. Сонымен бірге республикалық ГКӘТ бірлестігі атынан ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібековке «Ардагерлер қозғалысына қолдау әрі көмек» медалімен марапаттады. Жиын барысында ГКӘТ ардагері Асанбаев Анарбек Қалықұлович «Аманат» партиясы атынан, Бекназар Әбдірахман Маметұлы ГКӘТ Түркістан облыстық филиалы атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Тәуелсіздік күніне орай аудандық Ардагерлер ұйымы да бірнеше ардагерлерге құрмет көрсетіп, марапаттар тапсырды. «Qurmet-Abyroi, Birlik» қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалы Байдулла Рахмуталлаев, Халнияз Суясинов, Ибрагим Бектұрсынов, Алдаберген Худайбергеновтерге табысталды.

Жиын соңында ардагерлер бір-бірін Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтып  тарасты.

Айдаралы Әбубәкіров.