Жуырда аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті жиыны болып өтті.
Коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, жұмыспен қамту секілді маңызды мәселелер қаралған жиынға Қоғамдық кеңес мүшелері, аудан әкімінің орынбасары Сержан Ильясов бастаған тиісті сала басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Кеңес отырысын төраға Мұрат Нұрпейісов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірінші болып аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Мейірбек Шомпиев санитарлық тазалық, ауыз сумен қамту, көгалдандыру, «Таза Қазақстан» акциясы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. М.Шомпиев өз сөзінде табиғи газ, ауыз су, жарықтандыру, жол, санитарлық тазалық, қатты қалдықтарды шығару мәселелері бойынша біршама жұмыстарды баяндады. Хабарламашының сөзінен соң кеңес мүшелері аталған бөлімнің кей салаларда атқарған жұмыстарына, атап айтқанда, ауыз сумен қамту, газ жүйесі тартылмаған көшелерді газдандыруда кемшіліктер бар екенін атап өтті. Келешегі жоқ деп танылған, таратылған елді мекендерге ауыз су тарту деген қисынға келмейтінін, 20 шақты үйге табиғи газ құбырын тарту үшін 300-400 млн теңге сұрау тым артық екендігін қадап айтты. Сонымен бірге қатты қалдықтарды шығару, қала ішіндегі қоғамдық көліктердің кестесін қайта қарау, кәріз жүйелерінің жұмысын нақтылау мәселелерін тапсырды.
Екінші болып сөз алған аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайсар Нұрманов өз хабарламасында осы жылы пайдаланылмай жатқан 2500 гектар жер ауданның арнайы жер қорына алынғанын, 750 гектар жерді қайтару бойынша облыстық сотта іс қаралып жатқанын, мақсатты пайдаланылмай жатқан 3400 гектар жайылым жерді қайтару үшін талап арыз беру қаралып жатқанын жеткізді. 2600 гектар жер заңсыз, мақсатына сай пайдаланбағандықтан олардың иелеріне облыстық жер инспекциясы тарапынан айыппұл салынған екен. Сонымен бірге хабарламашы өзге де жұмыстарға шолу жасап өтті.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандық «Мансап орталығының» директоры Нартай Майханов сөз алып, біршама жұмыстарды баяндап өтті. Аталған мекеме биылғы жылы жоспар бойынша 3075 адамды жұмыспен қамту керек болса, бүгінгі таңға дейін 2159 адам жұмыспен қамтылыпты. 152 азамат онлаин оқып, мамандықтары бойынша сертификат алған, 81 азамат қайтарымсыз грант иеленген. «Әрбір бағдарлама бойынша бекітілген жоспар жыл аяғына дейін толық орындалады» дейді Н.Майханов.
Жиын соңында кеңестің ішкі тәртібіне орай 1 мүше құрамнан шығарылып, 1 мүшеге ескерту берілді, қаралатын мәселелер бойынша сол салаға жауапты басшылардың қатысуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Өз тілшімізден.