Апта барысында АЭС мәселесі жөніндегі облыстық халықтық штаб басшылары мен мүшелері Шардара ауданына ат басын тіреді.
АЭС салуды қолдау жөніндегі Түркістан облыстық халықтық штаб мүшелері Н.Әбішев, З.Қамбарова және аудандық халықтық штаб мүшелері – Е.Бекет, Б.Мүталиевтер Шардара ауданының кәсіпкерлері, №16 колледж ұжымы және «Хамит» АӨК балық өңдеу зауытының ұжымымен кездесіп, үгіт- насихат жұмыстарын жүргізді.
Кездесулерде штаб мүшелері АЭС салудағы ең маңызды мәселе – еліміздің энергетикалық әлеуетін қамтамасыз ету екенін жеткізді. Сондай-ақ, олар бүгінгі күні мемлекетімізде электр қуатының тапшылығы сезіліп жатқанын алға тартып, электр энергиясына деген қажеттілік жылдан-жылға өспесе, кемімейтінін түсіндіріп, ағымдағы жылдың 6 қазанында өтетін АЭС салу жөніндегі референдумда дұрыс шешім қабылдауға шақырды.
Өз кезегінде шардаралықтар Жолдауда айтқан АЭС салу бастамасын қолдайтындықтарын білдірді.
Айта кетсек, дүние жүзіндегі ең алғашқы АЭС 1954 жылы Обнинск (КСРО) қаласында салынды. Оның қуаты 5 Мвт болды. Кейін Колдерохоллда (Англия) қуаты 60 Мвт, Шиппингпортта (Америка) АЭС-тары жұмыс істей бастады. Америкада тұтынуға қажетті барлық электр энергиясының 23 пайызын, Францияда 75, Жапонияда 48 пайызын АЭС береді.
Р.ЕРҒАЛИҰЛЫ.