Өздерiңiзге белгiлi, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясы 1990 жылы 14 желтоқсанда, 1 қазанды Халықаралық қарттар күнi деп жариялаған болатын. Содан берi бұл мерекенi бүкiл әлем кең көлемде атап өтiп келедi.
Бұл мерекенiң басты мақсаты – қоғам назарын қариялардың мәселесiне аударып, оны халықаралық деңгейде шешудiң тиiмдi жолдарын қарастыру болып табылады. Алайда, бiздiң халық ежелден-ақ қарияны төрге шығарып, оларға қамқорлық жасауды өздерiнiң қасиеттi борышы санайды. Сондықтан да қарттарға құрмет көрсету – бiр күннiң, немесе бiр мерекенiң аясында емес, баршамыздың күнделiктi мiндетiмiзге айналған, қанымызға сiңген құнды дүниемiздiң бiрi деп айтқан болар едiм.
Аудандық ардагерлер ұйымы Республикалық ардагерлер ұйымының VII съезі бекіткен Жарғы мен ережеге және VIII съезінің шешімдері негізінде жұмыстар атқарып келеді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республика халқына арналған Жолдаулары мен Үндеулерін, облыс пен аудан әкімдерінің бастамаларын басшылыққа алып жұмыс істейді. Аудан көлемінде 7000-нан астам зейнеткер ғұмыр кешеді. Ардагерлер қауымы қала мен ауылдарда 30 бастауыш ардагерлер ұйымына топтасып, ауызбірлікпен жұмыс істеп келеді.
Бүгінде алдымызда «Жаңа Әділетті Қазақстанды» құру міндеті тұр. Бұл орайда ардагерлер қауымына артылар жүк те осал емес. Бірінші кезекте елдің береке-бірлігін сақтау, жас ұрпаққа лайықты тәрбие беру мәселелері басты мақсатымыз болуға тиіс. Біздің аға буын өкілдері ауызбірлік пен ынтымақты насихаттауда сөзбен ғана емес өнегелі істерімен де үлгі көрсетіп келе жатыр. Әсіресе, жастарымыздың тәрбиелі, ұлтжанды азамат болып қалыптасулары үшін ардагерлер Кеңесі жанынан құрылған «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасының» атқаратын жұмысы орасан. Бұл бағытта соңғы жылдар бедерінде қала мен ауылдық округтерде, бірнеше білім беру мекемелерінде келелі басқосулар, семинар-кеңестер жоспарға сай өткізіліп келеді. Мұнан басқа ардагерлер кеңесінің жанынан медиаторлар кеңесі ел арасындағы дау жанжалды, зорлық-зомбылық әрекеттерін оң шешіп, сотқа дейінгі тірліктер өз деңгейінде жүргізілуде.
Жастық жалындарын туған өлкені түлетуге арнап, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған, көкірек көздері ояу, аймақтың ауызбірлігін сақтап отырған ардагерлеріміз қандай құрметке болсын лайық. Ардагерлеріміздің игілігі үшін жасалынып жатқан дүниелер жетерлік. Сондай бір игі тірліктің бірі – кешегі тамыз айында 30 зейнеткер Астана қаласына тегін саяхат жасап келді. Аудан әкімі Арман Роман-ұлының тікелей қамқорлығының арқасында жасалған бұл шараға ардагерлеріміз дән риза болды. Ең үлкені 80 жасты алқымдап қалған еңбек ардагерлерінен бастап, ауған соғысының және Семей полигонының ардагерлері, көпбалалы және тұрысы төмен отбасы азаматтары екі күн бойына ел орданы армансыз аралап, арқа төсінде бой көтерген ару Астананың көрікті жерлерін тамашалап қайтты. Бұл іс-шара биылғы жылы зейнеткерлірімізге көрсетілген лайықты құрметтің бірі болғанын атап өткім келеді.
Қыркүйек айының 20 жұлдызында Түркістан қаласында ардагерлердің рсепубликалық семинары өткізілді. Еліміздің барлық өңірлерінен арнайы келіп қатысқан ардагерлердің басқосуы өзінің мазмұндылығымен есте қалды. Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің «Сенат» залында өткен көшпелі семинарды «Ардагерлер ұйымы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетов ашып, жүргізіп отырды. Бақтықожа Ізмұхамбетов респрубликалық ардагерлер ұйымдарының атқарып жатқан жұмыстарынан хабардар етіп, мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер бойынша сөз сөйледі. Соның ішінде АЭС салу мәселесінің ел үшін аса өзектілігін жан-жақты дәлелдермен ұғындырып, алдағы 6 қазанда өтетін референдумға ардагерлерді түгел қатысуға үндеді. Төраға көтерген мәселелер мен Президент Жолдауында айтылған бастамаларды ардагерлер қауымы бірауыздан қолдайтындарын білдіріп, өз ойларымен бөлісті. Бір сөзбен айтқанда, алқалы басқосудан көп нәрсені көңілге түйіп қайттық.
Ендігі міндет – елдігіміз сынға түсетін 6 қазан күні өтетін референдумға түгел қатысып, өз таңдауымызды жасау. Кемелді келешегіміз үшін жасалынатын аса маңызды шараға шардаралық ардагерлер де ауызбірлікпен, ұйымшылдықпен қатысады деп сендіре аламын.
Біздің қарттарымыз барлық уақытта да қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын нығайту, елдің берекесі мен ынтымағын сақтау жолында аянбай еңбек ете беретін болады.
Тоқсанбай БЕРДІБЕКОВ,
аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы.