Ауданымыздағы шаруа баққан жандардың дені мақта өсірумен айналысатыны белгілі. Енді аз ғана уақыттан соң мақта терімі басталады. Жиын-терім қалай жүргізілмек? Мақта қабылдау пункттерінің дайындығы қалай? Осы мәселелерді назарға алған облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, аудан әкімі Арман Қарсыбаев және аудан прокуроры Алмас Әлі Шардара ауданындағы мақта қабылдау пункттері мен зауыттарды аралап, шаруалармен көшпелі кездесулер өткізді.

– Басты мақсатымыз – мақта еккен шаруаларға барынша қолдау көрсету. Әрбір мақта қабылдау пункттеріндегі лобораториялардың дұрыс жұмыс істеуі, таразылардың таза көрсетуі және шаруалардың қаржысын келісім бойынша уақытылы беру мәселелерін қарап шығудамыз. Ала жаздай еңбек еткен диқандардың еңбегі еш кетпесін, – деді Б.Тәжібаев.

Қазіргі кезде мақта қабылдау пункттері аванс ретінде қаржы таратып жатқандарын, бірақ мақтаның нақты бағасы жоқтығын алға тартып отыр. «Баға тұрақтаған соң мақта өткізіп жатқан шаруалармен толықтай есеп айырысамыз» дейді мақта қабылдаушы тарап.

Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапарында Достық ауыл округінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Қызылқұм ауыл округіндегі «АИИГ Қазақстан» ЖШС мақта өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Одан кейін Ұзын ата ауыл округіндегі «Берік» шаруа қожалығының қытайлық технологиямен егілген «ақ алтын» алқабында болды. Одан кейін Алатау батыр ауыл округіндегі «АИСИСИ» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытының жұмысымен танысып, осы саланың өзекті мәселелері бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сонымен бірге Ұзын ата ауыл округінде орналасқан «Шардара мақта» ЖШС-нің қабылдау пунктінің жұмысымен танысты. Көксу ауыл округіндегі мақта қабылдау пунктінің жай-күйі де бақыланды. Әрбір жиын барысында диқандар жер, ағын су және мақта бағасы бойынша күн тәртібіндегі мәселелерді көтерді. Шаруалардың уәжі талқыланып, аудан әкімі Арман Қарсыбаев кездесулерде мақта жиын-теріміндегі жағдай бақылауда екендігін жеткізді.

Айта кетсек, Шардара ауданы бойынша 40 мақта қабылдау пункті бар. Ағымдағы жылы 36 мың тоннадан астам мақта жиналады деп күтілуде.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.