Қазіргі таңда Қазақстанда АЭС салу туралы референдум өткізу күн тәртібінде тұрғаны баршаға аян. Осы мәселе төңірегінде республикалық, облыстық, аудандық деңгейде халықтық штабтар құрылып, жұртшылықпен кездесулер өткізуде.
Апта барысында АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб мүшелері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары – Қазыбек Иса мен Нұрсұлтан Байтілесов ауданымызға арнайы ат басын бұрды. Аттары аталған қонақтармен қатар аудандық штаб мүшелері – Ережеп Бекет, Бақытжан Серманизов, Сәбит Лахановтар жастармен, «Бекет», «Мелдеби» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен және "ARMSPORT" спорт клубы өкілдерімен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Басқосуда штаб мүшелері АЭС салудағы ең маңызды мәселе – еліміздің энергетикалық әлеуетін қамтамасыз ету екенін жеткізді. Сондай-ақ, олар бүгінгі күні мемлекетімізде электр қуатының тапшылығы сезіліп жатқанын тілге тиек етіп, ал электр энергиясына деген қажеттілік жылдан-жылға өспесе, кемімейтінін түсіндірді.
Өз кезегінде жиынға қатысушылар да Жолдауда айтқан АЭС салу бастамасын қолдайтындықтарын білдірді.
«Өскен өңір» – ақпарат.