Жыл сайын елімізде қазан айында «Халықаралық қарттар күні» аталып өтеді. Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан да аталған мерекеге орай біршама жұмыстар атқарылды.

Кезінде еңбектің көрігін қыздырған, қазіргі таңда бейнеттерінің зейнетін көріп жүрген қарттарды құттықтауды аудан әкімі Арман Қарсыбаев бастады. Бірнеше қарттарға сәлем бере кірген аудан әкімі ол кісілермен емен-жарқын әңгімелесіп, барынша көмек қолын созатынын атап өтті.

— «Қарты бар  елдің қазынасы бар» дейді халқымызда. Ел мүддесін бәрінен биік қойып, ұрпағына ұлылығын ұялата білген ардагерлерімізді құрметтеу – азаматтық парызымыз. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, абыройлы еңбектеріңіз – жас ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге.

Сіздерді тағы да төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға  бақыт, берекелі  де  ұзақ  ғұмыр  тілеймін! - деді аудан әкімі Арман Романұлы.

Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев те зейнет жасындағы жалғызілікті қарттарды аудан әкімінің атынан құттықтап шықты.

Осынау мереке қарсаңында Шымкент қаласындағы қарттар мен мүгедектігі бар адамдар үйіндегі шардаралық қарттарды аудан әкімі атынан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Жалғызілікті қарттарға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» бөлімшесінің меңгерушісі Г.Бабамұратова мерекемен құттықтап, сый-сияпат табыс етті.

        Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Жалғызілікті қарттарға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» бөлімшесінде тізімде тұратын 134 қартқа демеушілер есебінен азық-түлік себеті беріліп, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, сый-құрмет көрсетілді.

Қариялар жақсы іске жанашырлық танытып, жомарт жандарға батасын беріп, алғыстарын айтты. 

Өз тілшімізден.