ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдың үшінші отырысында: «Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады.
Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін» – деген еді.
Осы мәселеге орай елімізде тиісті мекемелер тарапынан түрлі іс-шаралар қолға алынуда. Күні кеше ауданымызда осы тақырыпқа байланысты кең көлемді форум өтті.
Кеше Шардара аудандық мәдениет үйінде «Есірткісіз өмір – жарқын болашақтың кепілі!» тақырыбында форум өтті. Іс-шара Шардара ауданының прокуратурасы мен аудандық полиция бөлімінің бірлескен бастамасымен, аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Ауқымды шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудан прокуроры Алмас Әлі, аудандық полиция бөлімінің бастығы Шералы Әділханұлы және басқа да мемлекеттік мекемелердің басшылары мен жасөспірімдер, тұрғындар қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күресу маңызды міндет екенін атап өтті. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз қажет. Есірткісіз қоғам құру – әрбір азаматтың алдында тұрған басты міндет деп есептеймін. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні анық. Аудан аумағындағы барлық білім беру ұйымдарында «Біз нашақорлыққа қарсымыз!», «Жастар спортпен бірге», «Біз салауатты өмір салтын ұстанамыз!», «Есірткіге жол жоқ!» атты ұрандармен арнайы іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде» - деді Арман Романұлы
Сонымен қатар, аудан прокуроры Алмас Ермекұлы, полиция бөлімінің бастығы Шералы Әділханұлы және аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқсанбай Бердібеков сөз сөйлеп, шараның мән-маңызы мен нашақорлыққа қарсы жұмыстарға тоқталып өтті.
Жиын барысында спикер ретінде келген елге белгілі азаматтар өте қажетті мағлұматтарды баяндап, профилактикалық сұқбат жүргізіп, өмірлік тәжірибемен ұштасқан үлгі-өнегелерімен бөлісті. Салауатты өмір салтын ұстануға, жаманнан жиренуге шақырды. Қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз ойларын білдіріп, көпшілікпен пікір алмасты.
Форумның басы жастардың синтетикалық есірткіні қолдануы, жалпы оның кез келген адам үшін тигізетін кері әсері, есірткі түрлерін сату, егу, тасымалдау үшін қылмыстық жауаптылық бар екені және тағы басқа түрлі жағдайларды мысал еткен көрініс, көрмелермен басталды. Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы атқарылған жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар және профилактикалық бейнероликтер көрсетілді.
Іс-шарада сөз алған құрметті қонақтар қоғам назарын «ғасыр дерті», яғни есірткіге, нашақорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға аударып, форумның маңыздылығын атап өтті.
Жиын соңында «Нашақорлыққа жол жоқ, біз өмірді таңдаймыз!» ұранымен тиісті құрылымдар алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Алдын алу үшін ұсыныстар білдіріліп, нақты тапсырмалар жүктелді.
"Өскен өңір" – ақпарат.