КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ СЕЙІТҚАСЫМ ӘШІРОВТІҢ 100 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ЕСКЕ АЛУ ШАРАСЫ ӨТТІ

Шардара тарихында жарқын қолтаңбасын қалдырып кеткен айтулы тұлғаның бірі, Кеңес Одағының Батыры, Шардара ауданының Құрметті азаматы Сейітқасым Әшіровтің туғанына биыл 100 жыл толады.

1964 жылдан бастап Көксу, Шардара кеңшарларларында зоотехник болып еңбек етіп, 1975-1987 жылдары Шардара кеңшарының директоры қызметін абыроймен атқарған Сейітқасым Әшіровтің еңбегін жерлестері ұмытпайды. 2004 жылы 80 жасқа қараған шағында бақилыққа аттанған ағамыздың атында аудан орталығында көше мен  ескерткіш мүсін бар.

11 қазан күні «Тұңғыш Президент» саябағында аудан әкімдігі мен аудандық ардагерлер Кеңесінің ұйымдастыруымен Сейітқасым Әшіровтің 100 жылдық мерейтойына арналған еске алу шарасы өтті. Іс-шара басталар алдында қонақтар Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіровтің ескерткіш мүсініне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етісті.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев сөз сөйледі.

– Біз бүгін Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіров ағамыздың 100 жылдығына арналған іс-шараны бастап жатырмыз. Сейітқасым ағамыздың туған жері Отырар ауданы болғанымен де бар саналы ғұмыры Шардара ауданында өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында Беларусь майданында қаһармандықпен жаумен шайқасқан Сейітқасым ағамыз ең жоғары награда – Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген болатын. Батыр ағамыз бейбіт өмірде де ерліктің үлгісін көрсете  білді. Кеңшарға басшылық жасаған жылдары қой басын 40 мыңнан 70 мың басқа жеткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосты. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» дегендей, Сейітқасым ағаның  майдандағы ерлік даңқы мен бейбіт өмірдегі ерен еңбектері мәңгі өшпейтін болады, – деген Бауыржан Қуанышбайұлы аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан батыр ағаның ұрпақтарына сый-сияпат тапсырды.

Мұнан кейін сөзге шыққан аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, Түркістан облысының Құрметті азаматы Тоқсанбай Бердібеков бір кеңшарда тізе түйістіре еңбек етіп, өзіне ұстаз болған Сейітқасым ағамыздың адамгершілік, еңбекқорлық қасиеттерін атап өтіп, өмір жолдарынан сыр шертті. Аудан имамы Мұрат Асанов батыр рухына арнап құран түсірді.  Жиынға қатысқан басқа да алыстан-жақыннан келген қонақтар  естелік әңгімелер айтып, осы шраны ұйымдастырған аудан басышыларына алғыстарын білдірді. «Шардара» мектеп-лицейінің оқушылары Сейітқасым Әшіров туралы өлең-жырлар оқыды.

Еске алу жиыны мұнан кейін Әшіровтер әулеті жайған дастархан басында одан әрі жалғасты. Іс-шараға қонақ болып келген ауданның Құрметті азаматы Оралбай Ақбердиев, Сейітқасым Әшіровтің туысқан інісі, бірнеше кітаптың авторы Айыпбек Балтабаев, батыр ағамыздың көзін көрген азаматтар Жамантай Жаңабаев, Дәулет Өзденбаев, Шермұхаммед Қаппаров, Рахымжан Бекмұратов, Нұрлан Смайылов, Жарылқасын Мүтәлиева, Жаңылай Айдарова, Дүрия Исмайлова, Гүлзәкира Исаева, Есенкүл Нұртаева, Гүлзәбира Сүлейменова, батырдың қызы Алтынай Әшірова, інісі Уәлихан Әшіров, келіні Ғалия Тойтанова сағынышқа толы естеліктерімен бөлісті. Жиынды жүргізген Асылхан қажы Данияров ас соңында Сейітқасым Әшіровтің рухына бағыштап құран оқып, батыр ағамыздың туған-туыстары мен ұл-қыздарына ниет қабыл болсын айтты.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ.