Биылғы қазан айының 10-ы мен 15-і күндері аралығында Грекия елінің Корфу қаласында гір спортынан ересектер арасында Әлем чемпионаты өтті.

Әлемнің түкпір-түкпірінен гір тасын көтеруші сақа спортшылардың жиналған байрақты бәсекесінде жерлестеріміз Бағжан Байдуллаев (63 кг) серпе көтеруден және Ерасыл Қуаныш (78 кг) ұзын айналым бойынша қарсылас шақ келтірмей, Әлем чемпионы атанды. Апта барысында аудан әкімі А.Қарсыбаев жоғарыда аттары аталған балуандарды арнайы қабылдап, құттықтады.

«Сіздерге, Грекия елінің Корфу қаласында өткен гір спортынан Әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, үздік нәтиже көрсеткеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздер бойларыңыздағы қайсар мінез бен жалынды жігеріңіздің арқасында жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің абыройын асқақтатумен бірге  ауданымызда гір спортының дамуына белсенді түрде атсалысып жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола білдіңіздер. Ауданымыздан гір көтеру спортынан ересектер арасында алғаш рет Әлем чемпионы шығып отыр. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, спортта жеңісті күндер тілеймін!» – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, осы сала бойынша жаттықтырушы Мұхан Әбдірахановқа да құрмет көрсетіп, Алғыс хат пен сый-сияпаттар тапсырды.

 Аудан әкімінің баспасөз қызметі.