Өткен жылдың 21 тамызында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесiнiң кеңейтiлген отырысында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Сенiм. Диалог.

Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпiнi» атты партияны қайта жаңғырту процесi басталған едi. Саяси кеңес отырысында Елбасы партияiшiлiк iрiктеу өткiзу қажеттiлiгiне тоқталған болатын. Н.Назарбаев өз сөзiнде халықаралық тәжiрибеде кеңiнен қолданыс тапқан iрiктеу механизмi – праймериздiң тиiмдiлiгiн атап өткен-дi.

Маусым айының 4 жұлдызында Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев ағымдағы жылдың 17 тамызы мен 3 қазан аралығында праймериз өткiзу туралы қаулыға қол қойды.

Партия Лидерi атап өткендей, праймериз партия атынан күрделi мәселелердi шешетiн ең белсендi және ең сенiмдi мүшелердi анықтауға мүмкiндiк бередi. Таңдаулы азаматтардың халық алдында беделi жоғары болуы тиiс. Олар саяси алаңда еркiн жұмыс iстей алуы қажет. Көптiң алдында тосылмай сөйлеп, iстi батыл бастайтындардың  бәсi басым болмақ.

«Праймериз» терминi ағылшынның «primary election» тiркесiнен шыққан, «алдын ала, бастапқы сайлау» деген мағынаны бiлдiредi. Яғни, праймериз дегенiмiз – жақтастарының арасында алдынала партияiшiлiк сайлау өткiзу арқылы партия атынан негiзгi сайлауға түсетiн көшбасшыларды iрiктеу.  Бұл тәсiл партияның өз iшiндегi мықтыларын анықтауға мүмкiндiк берiп қана қоймай, пiкiрi, ұстанымы партиямен үндес азаматтарды партия қатарына тартуға септiгiн тигiзедi.

Праймериз алғаш рет XIX ғасырдың 40 жылдары АҚШ-та өткiзiлдi. Бүгiнде бұл механизм Еуропаның, Азия мен Американың көптеген мемлекетiнде қолданылады. Бүл тәсiлдi елiмiзде алғашқы болып «Nur Otan» партиясы енгiзуде.

Сонымен бiрге, праймериз өткiзу ережесi қабылданды. «Nur Otan» партиясы қолға алған праймериздiң жаңа форматының ерекшелiктерi:

  1. Кандидаттар халық арасында үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзедi: бұл бұқаралық саясаттың дамуына жол ашады; азаматтар өз дауыстарын кiмге беретiнiн бiлетiн болады;
  2. Партиялық тiзiмдегi әйелдердiң үлесi 30 пайыздан кем болмауы тиiс:
  3. Партиялық тiзiмде жастардың үлесi 20 пайызға жетедi:  праймериз жастарға ашық партияiшiлiк жарыста өз потенциалын көрсетуге мүмкiндiк бередi;

Тiзiмге партиялық iрiктеуден өткен азаматтардың енуi Қазақстанның саяси тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай;

Праймериз 5 кезеңнен тұрады:

1)  үмiткерлердi ұсыну және тiркеу;

2)  үмiткерлердi үгiт-насихат  шараларына дайындау;

3)  үгiт-насихат жұмыстары;

4)  дауыс беру;

5)  тiзiмдердi дайындау.

Олай болса, осы мүмкiндiктi пайдалана отырып, барша әрiптестерiмдi праймеризге белсендi қатысуға шақырамын!

Ерғали Қарымсақов, «Nur Otan» партиясы Шардара аудандық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары.