Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi, атақты хирург, бас дәрiгер, Шардара ауданының Құрметтi азаматы Кеңес Икрашұлы Әбуов 1939 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы Қызылқұм ауданында туылған.

Киров ауданындағы В.И.Ленин атындағы орта мектептi бiтiрген соң 1956-1965 жылдары Алматы мемлекеттiк медициналық институтында оқыған. 1965-1976 жылдары Шардара қаласындағы ауруханада хирург, хирургия бөлiмiнiң меңгерушiсi, 1979-2000 жылдары Шардара аудандық медицина бiрлестiгiнiң бас дәрiгерi болып қызмет атқарған.

Аудандық аурухананың бас дәрiгерi қызметiн атқарған жылдарда аудандық аурухана жанындағы ғимарат күрделi жөндеуден өткiзiлiп, 40 орындық жұқпалы аурулар бөлiмi, 50 орындық туберкулезге қарсы диспансер, Восход, Қазақстан, Қызылқұм ауылдарында аурухана ашылды. Сонымен қатар, Шардара, Ұзыната, Ақалтын, Қазақстанның 60 жылдығы және Жаушықұм ауылдарында дәрiгерлiк амбулаториялар ашылып, материалдық-техникалық базалары нығайтылды. Бұл бағыттарда айтарлықтай еңбек сiңiрдi.

Алтын қолды, жоғары дәрежелi хирург 40 жылдан астам мерзiмде мыңдаған адамдардың өмiрiн ажалдан арашалап қалды. Соңынан ерген жас мамандарды тәрбиелеп, медицина саласының қыр-сырын үйреттi.

Ұзақ жылдар бойы тер төгiп еткен еңбегi елеусiз қалмады. КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң шешiмiмен 1985 жылы “Еңбек ардагерi” медалiмен, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен 2002 жылы “Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 10 жыл” мерекелiк медалiмен, аудандық, облыстық әкiмдiктер мен мәслихаттардың грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Шардара ауданының Құрметтi азаматы болды.

Жұбайы Көпбергенова Зылиха Хамитқызы да дәрiгерлiк қызмет атқарды. Үш ұл тәрбиелеп өсiрген.

Көпшiлiк бұл әулеттi дәрiгерлiк династиялық отбасы деп санайды. Баласы Әбуов Мұрат Кеңесұлы облыстық клиникалық ауруханада хирург дәрiгер болып қызмет атқарады. Келiнi Әбуова Гүлжан Нәркенқызы медицина ғылымдарының кандидаты, Шымкент қалалық медицина академиясында терi және мерез аурулары кафедрасының меңгерушiсi. Кеңес атасының жолын қуған Әбуов Талғат Демесбекұлы да Шардара орта мектебiн бiтiргеннен соң 1987-1993 жылдары Семей қаласындағы медицина институтын бiтiрiп, сол кезден бастап 27 жыл бойы тапжылмай, Шардара аудандық орталық ауруханасында мамандығына сай қызмет етiп келедi. Осы жылдарда хирург, бас дәрiгердiң орынбасары қызметтерiн атқарған ол 2005 жылдан берi Шардара аудандық сот медициналық сараптама орталығында бөлiм жетекшiсi болып iстеп келедi. Ата кәсiбiн жалғастырып, ауруханадағы әр сала бойынша ота жасауға да қатысып, көпшiлiктiң құрметiне бөленген жан.

Өткен жылы атақты хирург, бас дәрiгер Кеңес Икрашұлы Әбуовтың 80 жылдығын атап өту барысында оның өмiрi мен еңбек жолын жастарға үлгi, өнеге ету мақсатында мәселе көтерiлiп, аудандық аурухана алдына мемориалдық тақта орналастыру бойынша әңгiме айтылған. Оны аудандық аурухананың бас дәрiгерi Н.Молдаханов, аурухананың ұйымдастыру әдiстемелiк бөлiмiнiң меңгерушiсi П.Мыңбаев, терапевт дәрiгер Ж.К.Нұрмышев, хирургия бөлiмiнiң меңгерушiсi К.С.Әзтаев, балалар бөлiмiнiң меңгерушiсi Т.Мамедова және басқалар бұл ұсынысты қолдаған.

Өткен аптаның соңында медицина қызметкерлерiнiң мерекесi қарсаңында бұл ұсыныс өз шешiмiн тауып, аурухананың кiре берiсiндегi сыртқы қабырғаға Кеңес Икрашұлы Әбуовтың есiмi жазылған тақта iлiндi. Онда “Бұл ауруханада 1971-2006 жылдары аралығында ҚР Денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi, атақты хирург, бас дәрiгер, Шардара ауданының Құрметтi  азаматы Кеңес Икрашұлы Әбуов қызмет атқарды” – деп жазылған.

Ашылу салтанатында атақты хирургтiң өмiр жолы мен атқарған қызметi таныстырылып, Бәкiр Қалмырза, Сталбек Мырзадинов, Ералы Андасбеков, Панкина Мария Васильевналар бiрге болған сәттерiнен естелiктер айтты.

Iс-шара “Поплывок” дәмханасында жалғасып, келген құда-жекжат, дос-жарандары Кеңес Икрашұлының рухына бас иiп, онымен өткiзген сәттерiн бiр сәт естерiне алды.

Кеңес Әбуовтың iнiсi Демесбек iс-шараны ұйымдастырушыларға деген ризашылығын бiлдiрiп, ағасына деген сағынышын жүрегi толқып жеткiздi.

Соңынан ас берiлiп, ауданның бас имамы Асылхан Данияров атақты хирург Кеңес Икрашұлы Әбуовтың рухына құран бағыштады.

Ж.СЕЙДУӘЛИЕВ.