Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Болат Дембаев карантин ережесiн бұзғандар қалай жазаланатынын мәлiмдедi.
«Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан Республикасының Президентi елдiң бүкiл аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан 15 сәуiрiне дейiн төтенше жағдай енгiзу туралы Жарлыққа қол қойды. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2020 жылғы 19 наурыздан бастап карантин режимi енгiзiлдi. Бiрқатар шаралар мен уақытша шектеулер белгiлендi. Оларды орындамау әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соқтырады (ӘҚБтК-нiң 476-бабы – 10 АЕК айыппұл немесе 15 тәулiкке дейiн қамаққа алу).
Төтенше жағдай кезiнде билiк өкiлiнiң заңды талабына бағынбағаны үшiн қылмыстық жауаптылық көзделгенiн түсiндiремiз (ҚК-нiң 379-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 2 жылға бас бостандығынан айыруға дейiн ). «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Кодексiнiң 90-бабына сәйкес азаматтар медициналық ұйымдардың талап етуi бойынша тексеруден және емделуден өтуге мiндеттi. Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгердiң 2020 жылғы 16 наурыздағы қаулысымен стационарлық және үй карантинi енгiзiлдi. Оларды iске асыру мақсатында уәкiлеттi органдар эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерден келген адамдарды анықтау, оқшаулау және емдеу бойынша шараларды қамтамасыз етуде. Шектеу iс-шаралары, оның iшiнде карантин тұрғындардың және меншiк нысанына қарамастан заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi.
Алайда карантиннен жалтару, шетелге шығу туралы мәлiметтердi және байланыста болған адамдар туралы ақпаратты жасыру фактiлерi бар. Халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында азаматтардан өткiзiлетiн iс-шараларға түсiнiстiкпен қарауды, Денсаулық сақтау министрлiгi мен IIМ қызметкерлерiнiң заңды талаптарын сақтауды, оларға инфекцияны анықтау мен алдын алуға көмек көрсетудi сұраймыз.
Полицияның осындай талаптарына бағынбағаны үшiн әкiмшiлiк жауаптылық көзделгенiн атап өтемiз (ӘҚБтК-нiң 667-бабы - 40 АЕК-ке дейiн айыппұл немесе 10 тәулiкке дейiн қамаққа алу). Сондай-ақ, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының нұсқамаларын орындамағаны (ӘҚБтК-нiң 462-бабының 3-бөлiгi – 500 АЕК-ке дейiн айыппұл) және санитариялық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзғаны үшiн (ӘҚБтК-тiң 425-бабы – 5 млн теңгеге дейiн айыппұл) әкiмшiлiк жауаптылық белгiленген. Бұл ретте кәсiпкерлiк субъектiлерiне қатысты қызметiн тоқтата тұру түрiндегi жаза қолданылуы мүмкiн. Егер мұндай әрекеттер абайсызда адамдарды жаппай жұқтыруға немесе адам өлiмiне әкеп соқса, онда қылмыстық жауаптылық туындайды (ҚК-нiң 304-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 10 жылға бас бостандығынан айыруға дейiн).
Сонымен бiрге шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратпауға және арандатушылыққа берiлмеуге шақырамыз. Ағымдағы жағдай туралы шынайы ақпарат уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың ресми Интернет-ресурстарында орналастырылады», - делiнген мәлiмдемеде.
«Өскен өңiр» – ақпарат.