Кешегі аптаның сенбісінде Шардара ауданында қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің жүлдесі үшін дәстүрлі 62-ші турнирі өз мәресіне жетті. Облыстық дәстүрлі турнирге облысымыздағы аудандар мен қалалардан келген 9 команда құрамындағы 106 спортшы қатысты.

Турнирдің ашылу рәсімінде Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы мен «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы Абай Бекназарұлы бұл сайыстың қазақ күресін халықаралық деңгейде танытып, жастарды ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу бағытында ұйымдастырылғанын атап өтті. 62 жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан жарыстың маңыздылығы мен мақсатына тоқталды. Сондай-ақ А.Қарсыбаев кезекті қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің жүлдесі үшін дәстүрлі 63-ші турнирінің эстафетасын Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмахановқа табыстады. Сонымен бірге бір топ жаттықтырушыларға қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін «Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл» мерекелік төсбелгілер тапсырды. 

Спорт кешенінде өткен боз кілемдегі балуандар бәсекесінде спортшылар әр салмақ дәрежесінде өзара мықтыларды анықтаған соң «Түйе балуан» бәсекесі өтті. 106 балуанның 18-і «Түйе балуан» бәсекесінде бақ сынасты. Кіл мықтылар бәсекесінде жерлесіміз, шардаралық Қайсар Шамшидинов турнирдің биылғы «Түйе балуаны» атанды. Жеңімпазға «Chevrolet Nexia» автокөлігінің кілті тапсырылды.

Жалпы, айтулы дүбірлі доданы ақсақалдар, спорт ардагерлері, тұрғындар мен қала қонақтары тамашалап, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Айта кетсек, дәстүрлі турнирдің мақсаты – ұлттық қазақ күресін дамыту және облыстық жаттықтырушылар арасында тәжірибе алмасу, балуандардың спорттық шеберлігін шыңдау. Сондай-ақ жастарды ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу, бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру. Алдағы өтетін ірі жарыстарға облыс құрамасын іріктеу.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.