Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігі Ғылым комитеті жанындағы Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты «Ежелгі және орта ғасырдағы Сырдария мен Қаратау: мәдениеттің шығу тегі мен трансформациялануы» жобасын орындау мақсатында институттың ғылыми қызметкерлері Қуаныш Арынов, Руслан Боранбаев, Мақпал Сүйіндіковалар ғылыми іс-сапармен шежірелі Шардараға келді. Қонақтарды аудандық мұражай директоры Нұрлан Смайылов қарсы алып, өңірдің тарихымен таныстырды.

«Мәдениет – адамның өз қолымен, ақыл-ойымен жасағандары және жасап жатқандарының бәрін түгел қамтиды. Жай ғана сауат ашудан, тазалық ережелерін сақтаудан бастап, өмірдің асқан үлгілі шығармаларын жасағанға дейінгі ұғымды қамтып жатқан мәдениет саласының өрісі кең. Мәдениет – тарихи құбылыс. Оның дәрежесі мен сипаты қоғамдық өмірдің жағдайларына байланысты өзгеріп отырады. Тарихи дәуірлердің алмасуы мәдениеттің мазмұны мен формаларына сөзсіз терең өзгерістер енгізеді» – дейді институт қызметкерлері.

–Тек  қана  республика  емес,  Орта  Азия,  әрісі алыс-жақын шетелдерге танымал Оңтүстік өлкенің толымды тарихын Қызылқұм  өңірінсіз көзге елестету мүмкін емес. Сайын даланың тылсым тарихын қойнауына жасырған Қызылдың құмының етегіндегі Сырдария өзенінің бойында бой көтерген  Шардара ауданының өткені өрісті. Бүгіні баянды және келешегінің кемел екендігіне  күмәніміз жоқ.

Түркістан  облысындағы  шежірелі  аудан  Шардара  орналасқан  аумақтың  көне  тарихы  сонау  ХІХ  ғасырлардың  басынан  бастап  зерттеле  бастағаны  бізге  мәлім.  Тіпті  ортағасырлардағы  Сүткент  қалашығы  жөніндегі  алғашқы  жазба  деректер  Ибн-Хаукаль  есімді  жылнамашы  тарихшының  жазбаларында  кездеседі. Сонымен  қатар,  Ұзын ата  ауылдық  округіндегі  қазіргі  күндері  үйінді-төбе  күйінде  сақталған  Ақтөбе  қалашығына  алғашқы  зерттеу  жұмыстарын  1900  жылдан  бастап  жүргізген  Н.В.Руднев  те  бұл  нысанның  тарихтағы  орны  айтарлықтай  екендігін  дәлелдеген.  Мұнан  бөлек  ауданымыздағы  Жаушықұм,  Сейіттөбе,  Ақтөбе-1  қалашықтары  мен  Көксутөбе,  Шардаратөбе,  Ақтөбе-2  тұрақтары  секілді  көне  тарих  куәгерлері  өткен  дәуірлерден  сыр  шертіп  тұр. Сүткент  қалашығынан  бөлек  жергілікті  маңызы  бар  тарих  және  мәдениет  ескерткіштері  тізіміне  енгізілген  Ұзын ата  кесенесі  туралы  ауыз  толтырып  айтарлықтай  мағлұматтар  көп-ақ.

Ғалымдар алдағы уақытта осы нысандарды тағы да тереңнен зерттеп, мәнін, мағынасын аша түседі деп сенеміз, – дейді мұражай директоры Н.Смайылов.

«Өскен өңір» – ақпарат.