Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау биылғы жылдың 23 тамызына тағайындалды. Осыған орай, Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда сайлаушылар тізімі, заңнамалық жаңашылдықтар, партияларды тіркеу, халықаралық байқаушылар қызметі мен комиссия мүшелерін оқыту сияқты 7 негізгі мәселе қаралды.

Саяси науқанға байланысты ауданымызда күнтізбелік жоспарға сәйкес дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде ауданда 43787 сайлаушы тіркелген. Аудандағы сайлаудың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету үшін 1 аумақтық және 33 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді.

Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, сайлау науқаны 1 шілдеде ресми түрде тағайындалды. Саяси партиялардың тізімдерін ұсыну 2 шілде мен 13 шілде аралығында жүргізілсе, оларды ресми тіркеу 23 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады. Сонымен қатар, 11 шілдеге дейін аумақтық комиссиялардың, ал 16 шілдеге дейін учаскелік комиссиялардың құрамы мен шекаралары жариялануы тиіс.

Ең жауапты кезең — сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 23 шілде күні сағат 18:01-де басталып, 22 тамызға дейін жалғасады. Осы аралықта, дәлірек айтқанда 2 тамызда сайлаушылар тізімі учаскелік комиссияларға беріліп, 7 тамыздан бастап азаматтар өз деректерін тексере алады. Сайлау алдындағы 22 тамыз — тыныштық күні деп жарияланса, 23 тамыз — ресми дауыс беру күні болып белгіленді. Саяси науқан барысында халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдерінің ашық жұмыс істеуіне және комиссия мүшелерін оқытуға ерекше басымдық беріледі.

Саяси науқанда ең маңызды кезең ел азаматтарының белсенді қатысып, Еліміздің саяси жаңару жолында таңдау жасауы болып табылады. Сонымен бірге алдағы науқан жазғы маусымға тура келуіне байланысты азаматтардың жазғы демалысы кезінде тұрақты тіркелген жерінен тыс болатын жағдайлар болуы мүмкін. Жалпы әрбір сайлаушы есте сақтайтын талаптарға қысқаша тоқталсақ:  нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады. Уақытша тіркелген азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша тізімнен алып тастала отырып, сайлаушылар тізімдеріне өздерінің жергілікті атқарушы органға берген өтініші негізінде енгізіледі. Сондықтан, 2026 жылғы 23 шілдеден  кешіктірмей әрбір сайлаушы сайлау тағайындалған кезден бастап, тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Сонымен қатар егер сайлаушыға сайлаудан кемінде 30 күн бұрын сайлау күні өзінің тіркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігінің болмайтыны белгілі болса, ол өзінің болатын жері бойынша жергілікті атқарушы органға өзін тиісті сайлаушылар тізіміне енгізу жөнінде өтініш беруге құқылы.

Сонымен бірге 2026 жылдың 7 тамызынан бастап егер азамат дауыс беру күні өзінің тұрғылықты аймағынан тыс аумақта болатыны белгілі болса, онда өзінің  сайлау учаскесіне барып, жеке басын куәландыратын құжатын ұсыну арқылы жазбаша өтініш бойынша дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін ала алады. Осы куәлік арқылы азамат өзінің болу аймағында дауыс беруге қатыса алады.

Сөз соңында айтарым, құрметті аудан тұрғындары, сіздерді алдағы болатын саяси науқанға еліміздің болашақ ертеңі үшін белсенді түрде қатысуға шақырамын!

Серік Кошалиев, Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.