Ғасыр апатына айналып отырған Covid-19 вирусы бүкiл дүниежүзiн шарлап, бiздiң елге де дендеп кiргенiне бiраз уақыттың жүзi болып қалды.
Бұл дерт мемлекет басшылары мен өкiметiмiздiң нақты атқарып жатқан шараларына қарамастан дауылды күндердегi өрттей лаулай түсуде. Бұл да бiр Алланың берген сынағы болар.
Мұсылман қауымында «Аллаға бер де жалын», «садақаны сау кезiңде бер», «садақа көп бәленiң бетiн қайтарады» деген тәмсiлi терең сөздер бар. Осы мақсатта Қ.Тұрысбеков ауылдық округiнiң тұрғындары, кәсiпкерлерi мен iскер азаматтары жиналып, дерттiң бетiн қайтару жолында Алладан сұранып, жалынып, жалбарынып мал бауыздап, әруақтарға құран бағыштауды ойластырған болатын. Таяуда соның ретi келiп, күн шықпай бауыздалатын екi iрi қара, екi қошқардың басында ақсақалдар бата берiп, ауыл имамы аруақтарға арнап Алладан осы дерттiң тез кетуiн сұранып құран бағыштады.
Ауыл әкiмшiлiгiнiң есебi бар, ауыл ақсақалдарының есептеуi бар, барлығы 85 отбасына сойылған малдардың еттерi теңдей бөлiнiп таратылды. Олардың денi жетiм-жесiр, аз қамтылған, тұрмысы төмен, көп балалы отбасылар. Арнайы себеттерге салынған еттер үйдi-үйге үлестiрiлiп берiлдi. Себеттер таратылар алдында қариялар бата берiп ауылымыздың мешiттегi ұстазы, қари Орынбасар iнiмiз аруақтарға арнап құран бағыштады.
Iс-шара соңында ауыл ақсақалдары ауыл тұрғын-дарына, осы iстiң басы-қасында жүрген жiгiттерге, осы iс-шараны тiкелей ұйымдастырып отырған ауыл имамы Смат iнiмiзге дән ризашылығын бiлдiрдi. Бұл Смат iнiмiздiң имандылық жолында iстеп келе жатқан қыруар жұмыстарының бiр парасы ғана.
Ниеттерiңiз қабыл болсын құрметтi ауылдастар. Дерттен қайтыс болған жандардың отбасыларына Алла өзi сабыр берсiн. Науқастанып жатқан-дардың дертiне шипа берiп, тез айығып кетсiн. Ауру жеңiлiнен болып, шығынсыз өтiп кетсiн, деп тiлек тiлейiк, ағайындар.
Зұлпыхар Оспанов, Қ.Тұрысбеков ауылдық округi ақсақалдар кеңесiнiң мүшесi.