Ауданымызда «Дұрыс таңдау – жарқын болашақтың кепілі» атты жастар форумы өтті.

Қай кезде де  халқымыз өзінің болашағы – жастар тәрбиесіне  көңіл бөліп отырған. Жастар – бүгініміз бен болашағымыздың алтын діңгегі. Ал жастарды қолдау – ел дамуына қосқан инвестиция. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау.

Күні кеше аудан орталығында аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен «Дұрыс таңдау жасау – жарқын болашақтың кепілі» атты жастар форумы өтті.  Жиынға аудан әкімінің орынбасары Форумның мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу, суицидтің себеп-салдарын талқылау және жауапты органдар мен қоғамның бірлескен іс-қимылын күшейту.

Жиынға прокуратура және ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері, ұстаздар қауымы, дін өкілдері, жастар қатысты.

Жиында алғашқы болып аудан прокуратурасының аға прокуроры Санжар Дартаев жастар арасында орын алған келеңсіздіктер жайлы баяндама жасады.  Мұнан соң, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары, полиция полковнигі Қасымхан Сатыбалдиев кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, тәуекел тобына жататын жасөспірімдермен жүргізілген жұмыстардың нәтижесі, ата-ана жауапкершілігі, полиция-мектеп-отбасы үштігінің өзара іс-қимылы туралы хабарлама жасап өтті.

Ал аудандық білім бөлімінің психолог-әдіскері Динара Мамедова мектептерде жүргізіліп жатқан тәрбие және профилактикалық жұмыстар, психологтардың рөлі, буллинг және суицидтің алдын алу, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану жөнінде атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасап өтті.

Армрестлингтен Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, ҚР және Азияның бірнеше дүркін чемпионы, жерлесіміз Нұрдәулет Айдархан сөз алып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы, спортпен шұғылданудың пайдасы, тәртіпке бағынудың салдары жайлы өз ойын ортаға салды.

Ардагер ұстаз, ауданымыздың Құрметті азаматы Таңсықбай Сахов пен аудан имамы Қажымұқан Қазыбаевтар ұлттық тәрбиедегі құндылықтар, ұлттық намыс, білімділік, тектілік туралы мағыналы әңгімелер шертті.

Алқалы жиынды аудан прокуроры, аға Әділет кеңесшісі Алмас Әлі қорытындылады. Аудан прокуроры өз сөзінде бала тәрбиесі баршаға ортақ екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, нәзік мәселеге мемлекет басшысы үлкен көңіл бөліп, тиісті органдардың жұмысын қадағалап отырғанын жеткізді. Сонымен бірге, жастар арасында көзге түсіп жүрген Бақтыбай Жанболат, Ділдабек Асылбек есімді жастарға өз атынан Алғыс хаттар табыс етті.

Жиын барысында түрлі тақырыптағы бейнероликтер көрсетіліп, жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құқықбұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу, буллинг пен лудоманияға қарсы иммунитет қалыптастыру бағытында әңгімелер шертілді. Сонымен бірге, жастарға білім алу, үлкенді құрметтеу, салт-дәстүрімізді сақтауға шақыру жөнінде сөз қозғалды. Сонымен қатар, әлеуметтік желінің зияны мен оны дұрыс пайдалану жолдары түсіндірілді.

Өз тілшімізден.