
Жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің алдын алу – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Жасөспірімдердің және жастардың қылмысы туралы мәселе құқық қорғау жүйесінің ғана емес, сонымен қатар, басқа да мемлекеттік ұйымдар және азаматтық қоғам институттарының үнемі қадағалауын талап ететін басты мәселенің бірі. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс қашанда ұлттық тұтастығымызға, ел болашағына қауіп төндірері сөзсіз.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жастар арасындағы суицид бойынша біздің еліміз әлемдегі алдыңғы ондықта. Мектеп жасында жүкті болып қалатын қыздар саны да артып келеді. Жастар арасындағы қылмыс та өршіп тұр. Әрине, бұл түйіткілді мәселені бір ғана мектеп немесе жастар ұйымы шеше алмасы анық. Ол үшін қоғам болып атсалысуымыз керек.
Осы мақсатта таяуда Құрманғазы атындағы жалпы мектепте ата-аналар арасында кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылығы мен тәртіп бұзушылығының алдын алу мақсатында «Баланың басты ұстазы – ата-ана» тақырыбындағы ашық әңгіме өткізілді. Бір айта кетерлігі – аталған жиынға әр отбасының тірегі болып отырған 80-ге жуық отбасының әкелері ғана қатысты. Сонымен бірге жиынға аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқын қорғау комиссиясының мүшелері – аудандық аурухана дәрігері Пазылхан Мыңбаев, «Қамқорлық» отбасын қолдау орталығының директоры Исатай Әділхан, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов, Өтеғұл шағын ауданы бойынша ардагерлер ұйымының төрағасы Абылай Маханов, №3 жайлы мектептің директоры Еркін Ақбердиев және Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебінің директоры Қуаныш Садықбековтер қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған Қ.Садықбеков жастар арасындағы құқықбұзушылық, қылмыстың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен егжей-тегжейлі таныстырып өтті. Ол өз сөзінде баланың міндеті мен ата-ана міндетіне кеңінен тоқталды.
Жиын барысында отбасы тәрбиесі туралы мағыналы, мазмұнды бейнеролик көрсетіліп, көпшілікке ой салды. Мұнан соң, сөз алған қонақтар қай кезде де тәрбиенің отбасында басталатынын атап өтіп, көптеген мысалдар келтірді.
«Ғалымдардың айтуына қарағанда, жастайынан көгілдір экраннан қорқынышты фильмдер, хабарлар көріп өскен жастардың санасының дамуы тежеліп, мінез-құлқында қатыгездік, еріншектік пен немқұрайдылық пайда болады екен. Соңғы кездері қоғамда бұрын естіп-білмеген қылмыстардың көбейіп кетуі де осыған байланысты. Бірқатар мектептерде оқушылар арасында әлімжеттік, қорқыту мен қорлық көрсету əрекеттері, зорлық-зомбылық жағдайлары орын алуда. Бұл мәселенің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану қажет. Бұл – мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі əкімдердің жəне тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндет. Бұл – қоғамды іштей мүжіп, үлкен дертке шалдықтыратын қатерлі кеселдердің бірі» – деп ой түйді қонақтар.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлы Мұхтар Әуезов. Бұл даналық сөз бүгін де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Сонымен бірге қазіргі заманда «Ел боламын десең экраныңды түзе» деген ұран керек сияқты. Себебі бүгінгі экран мен смартфон – осы заманның бесік жыры. Неге десеңіз, күн сайын әрқайсысымыздың тілі шыға бастаған сәбилерімізден бастап жүз мыңдаған адам теледидар алдында отыр. Олар атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа толы қантөгіс фильмдерді көріп тәрбиеленуде. Ұрпақ тәрбиелеудегі көгілдір экранның қуатын, күшін, бұқаралылығын жастарымыздың санасын тәуелсіз елдің азаттық рухында, рухани адамгершілікке, имандылыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеуге толығымен пайдалана білуіміз керек.
Сайып келгенде, біз өз елін сүйетін, қорғайтын, салт-дәстүрін құрметтеп, түп-тамырын, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, тілін терең білетін, онымен мақтанатын, өзге елдің азаматтарымен бәсекеге барынша қабілетті, терең білімді, мәдениетті, денсаулығы мықты, өзін-өзі сыйлата білетін жастарды тәрбиелеуіміз керек.
Өз тілшімізден.




