Апта басында аудан әкімі Қарсыбаев Арман  Романұлы өзінің әр салалар бойынша жетекшілік ететін орынбасарларымен бірге, дербес бөлім басшылары мен қала, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала мамандарының қатысуларымен мәжіліс өткізді.

Аталған жиында Б.Төребеков Шардара су қоймасы жағалауындағы демалыс аймақтарында уақытша кәсіпкерлік саламен айналысатын жеке тұлғалар мен сол аумақтағы жеке меншік нысандардың иелеріне Қазақстан Республикасының тиісті Заңнамаларын сақтау туралы атқарылған жұмыстар және биылғы жазғы маусымдық шомылу салтанатының ашылуы туралы есеп берді.

Одан соң, Е.Каратунов өз саласы бойынша Тама-Тастанбектен тартылып жатқан ауызсудың және үш ауылдық округте жүргізіліп жатқан құрылыстардың, шіркейге қарсы күрес туралы жұмыстардың барысы туралы айтып өтті.

Үшінші болып, Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің әкімі А.Алтынбеков өзіне жүктелген міндеттері мен бюджет, коммуналдық сала, каналдардың құрылысы туралы, егін шаруашылығы туралы хабарлама жасады.

Содан соң, аудан басшысы А.Романұлы өзінің орынбасарлары – Б.Төребековке, Ж.Бердешовке, Е.Каратуновқа және дербес бөлім басшылары – А.Махашевке, Е.Айдаровқа, Н.Нұрсейітовке, М.Исаевқа, Ө.Рүстемге, Ж.Тұрлыбековке, Е.Әбдіразахов пен қала, ауыл әкімдеріне қатысты сала мамандарымен жиын өткізіп, берілген тапсырмаларды орындау бағыттарын нақтылап, жауапты мамандарға міндеттер жүктеді.

Атап айтқанда, маусымдық шомылу айларында су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауды, оқиғалардың алдын алу үшін арнайы маусымдық құтқару бекеттерінің болуын және санитарлық тазалық пен дәретханалардың болуын үйлестіруді Б.Қалдарбекке жүктеп, аудан деңгейінде жұмысшы топ құруды тапсырды.

Сонымен қатар, аудан көлеміндегі егін егу барысында барлық шаруалармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, межелеген жоспарлардың орындалуын қала, ауыл әкімдеріне жүктесе, дербес бөлім басшыларына өздеріне жүктелген жер, спорт пен мәдениет, ауыл шаруашылығы, экономика және қаржы, құрылыс, сәулет, коммуналдық, ішкі саясат бөлімдері бойынша атқарылатын жұмыстарды мерзімінде орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиын қорытындысында аудан басшысы барлық берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын ескертті.

Өз тілшімізден.