

Апта барысында «AMANAT» партиясының «QAISAR» партиялық жобасы аясында мектеп оқушыларының оқу-дала жиынының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
Салтанатты жиынға «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Бауыржан Қуанышбайұлы Шомпиев, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Ержан Жұманов, аудандық білім бөлімінің бас маманы Мырзабек Мырзабасов және мектеп директорлары мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты.
Жиынның ашылу барысында сөз алған Б.Шомпиев мұндай іс-шаралардың жас буынның елге деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың жауапкершілік пен тәртіпке бейімделуіне ықпал ететінін атап өтті.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Е.Жұманов әскери дайындықтың маңыздылығына тоқталып, жастарды Отан қорғауға әрдайым дайын болуға шақырды.
Аудандық білім бөлімінің бас маманы М. Мырзабасов өз сөзінде білім мен тәрбие ұштасқан жағдайда ғана сапалы нәтиже болатынын жеткізіп, оқушыларға сәттілік тіледі.
Оқу-дала жиынының негізгі мақсаты – оқушыларға бастапқы әскери дайындық дағдыларын қалыптастыру, патриоттық рухты нығайту, тәртіпке баулу және салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.
Алдағы күндері оқушылар түрлі әскери-спорттық жаттығулар мен тәжірибелік сабақтарға қатысып, өз білімдері мен қабілеттерін шыңдайтын болады.
Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақты елін сүйетін, отаншыл азамат ретінде қалыптастыруға зор үлес қосады.
Өз тілшімізден.




