
"ӨСКЕН ӨҢІР" ГАЗЕТІНЕ – 60 ЖЫЛ!
Биылғы Жаңа жыл қарсаңында Шардара аудандық «Өскен өңір» газетінің шығарыла бастағанына 60 жыл толды.
Анығырақ айтқанда Қазақстан Коммунистік партиясының Шардара аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттары аудандық Советінің органы болып табылатын бұл газеттің алғашқы номірі 1966 жылдың 1 қаңтарында жарық көрді. Ал, менің бұл газетпен байланыс жасағаныма, алғашқы тырнақалды мақалаларымның осы газетке жариялана бастағанына да 54 жылдың жүзі болыпты.
Ол кезде, яғни 1972 жылы Қоссейіт ауылындағы «Сырдария» (бұрынғы Восход) мектебінде тоғызыншы сыныпта оқитынмын. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, мектептің қабырға газетін шығаруға атсалысатынмын.
Бірде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстазым Құттыбек Сейітжаппаров сыныпта «Кім боламын?» деген тақырыпта шығарма жаздырды. Мен шығармамда келешекте сазгер, ақын не жазушы болсам, балаларым, немерелерім сол кітапты немесе өлеңімді не әнімді көріп: «Атамыз осындай болған екен» десе, олай болмаған жағдайда сыныптастарымның біреуі шығармамды балаларына көрсетіп, оқып беріп немесе әнімді айтып «Менің сыныптасымның шығармасы» деп айтып отырса, сол мен үшін үлкен бақыт» деп жазыппын.
Шығармам өзіне ұнаған ұстазым оны оныншы сынып оқушыларына оқып беріпті. Үлкен үзілісте оныншы сынып оқушылары жаппай біздің сыныпқа келіп, мені көріп жатты. Алғашқыда түсінбей, кейіннен барып болған оқиғаны біліп, менде «ұстазым неге басқа сыныпқа шығармамды оқып береді» деген реніш туды.
Ол аз болғандай Құттыбек ағайым шығармаларымызды бәрімізге тарқатып бергенде сыныптағылардың бәрінің көзі менде болды. Содан не керек дәптерімнің бетін қинала ашып қарасам ұстазым шығармама баға қоймай «Жаңабай, мақсатыңа жетесің, түсімде аян берді» деп жазыпты. Сол кезде ренішім артып «иә, түсіне кіре салған шығармын, бұл не қылығы, жоғарғы сыныпқа оқып беріп мазақ қылғаны анау» деп сабақтан шығып кеткенім бар.
Бұл сөздің мағынасын кейін осы салада істеп жүргенімде ғана түсіндім. Түсіне кірмесе де мені қанаттансын, шығармашылыққа бет бұрсын деген екен ғой. Арада 45 жыл өткенде ұстазымды іздеп барып жолығып, сол бір әбестігіме кешірім сұрап, иығына шапан жауып, батасын алдым.
Құттыбек ағайым менің жазған өлеңдерімді, мақалаларымды аудандық «Өскен өңір» газетіне жолдап тұрды. Кейіннен өзім де жолдайтын болдым. Нәтижесінде 1972 жылдың 5 мамырындағы газеттің «Журналистер күні» мерекесі күніне арналған санында ақын Қаныбек Сарыбаевтың «Ақ жол саған, Жаңабай!» деген алғы сөзімен бес өлеңім мен суретім жарық көрді. «Өскен өңірмен» алғашқы байланысым осылай басталды.
Оныншы сыныпта әбден мақала жазуға машықтанып қалған мен мектеп бітіргенімнен аттестатымды қолыма алмай жатып Киров аудандық «Коммунистік еңбек» газетіне радио хабарларын тарату бөліміне меңгерушілік қызметіне қабылдандым. Аптасына үш рет аудан хабарын таратып, мақалам газетте жарияланды. Күзгі жиын-терім аяқталған соң «Өскен өңір», «Возрожденная степь» газеттеріне ауыстым. Бұл 1973 жылдың күзі болатын.
Мені редактор Бердуәлі Тұрмаханбетов жұмысқа қабылдады. Одан алдын газет редакторы Қалжан Аққасынов болған екен. Бір ай көлемінде газеттің корректоры Күлпара Аманжолованың (Жәлел Кеттебековтің жұбайы) көмекшісі ретінде тәлім алып, кейіннен ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Лесбай Қожаниязовтың тілшісі болдым.
Редактордың орынбасары Оңғар Өмірбеков, Евгени Зубрев (орыс тіліндегі газетке), жауапты хатшы Мейірхан Аңламасов, мәдениет бөлімінде меңгеруші Жәлел Кеттебеков, тілшілері Қаныбек Сарыбаев, Ниятулла Сейданов, есепші Зылиха Туғанбаева, корректор Юра Жуков пен аудармашы Гүлжанат Ермакова, фототілші Санақ Дәкебаев, машинистка Шайзада Сүлейменова болды. Газеттің бас мақаласы мен партия тұрмысын Бердуәлі Тұрмаханбетов, Оңғар Өмірбеков, Евгений Зубрев жазатын. Кейіннен жұмысқа Нұрлан Ыбыраев пен Омархан Құдайбергенов келді.
Газетте істеген үш жылда көп тәжірибе жинақтадым. Барлық тақырыптарда мақалалар жаздым. Ауданда жасақталған «Үгіт поезының» құм қойнауындағы малды ауылдар мен фермаларға мәдени қызмет көрсету сапары, Көксу кеңшарының «Плодхоз» елді мекеніндегі «Шопандар тойы», (күріш орағы мен мал төлдету, қой жүнін қырқу) жаңа кеңшарлардың құрылуы бойынша көптеген мақала жаздым. Сол жылдары аға шопандар Дәуек Сүгірбаев, Қақан Жүнісов, Жақсылық Әбдірәсіповтер әр жүз саулықтан 150-180 қозыдан алса, күрішші Перуза Өтемісова да жарқырап, ауданның шамшырағы болды.
Газет барлық тақырыпта мақалалар жариялап тұрды. Газет бетінде әр ауылдың ақындарының жазбаша айтыс өткізуіне де мүмкіндік берілді.
Ол кездерде милиция, дәрігер, журналистер Кеңес Одағының қай жерінде жүрсе де, ортақ қызмет көрсетіп жүре беретін. Газет қызметкері ретінде Өзбекстанның Жызақ облысы, Фарыш ауданына қарасты, Шымқорған совхозында тұратын Ұлтуаш Қарабековаға көмектестім. Соғысқа қатысқан әкесі Шағдардың қайтыс болғанына 12 жыл өтсе де, құжатта тірі болып, зейнетақысын райсобес пен пошта қызметкері бөліп алып, қызға бір тиын төленбепті. Менің көмегімнің нәтижесінде 12 жылдың қаржысы қайтарылып, төленді. Анасы мен екеуіне соғыс ардагерінің отбасы ретінде үй беріліп, ауылдық кеңес екі тонна көмір түсіріп, кеңшардың құрылыс бөлімі ауласын қоршап берді. Мектеп ұжымы оқушыларды ұйымдастырып, бау-бақшасын ретке келтірді.
«Комсомол» (қазіргі Ұзын ата) мектебінде ұстаздық еткен, қолында қызыл дипломы бар ұстаз Сапатай Әзімбаева Киров ауданына тұрмысқа шығып, біраз уақыт жұмысқа тұра алмай жүргенде жұмысқа тұруына журналист ретінде ықпал жасадым.
Жайылымдық жерге пияз егу, сиыр фермасындағы ірі сиырларды базарға сатып, орнын тана-торпақпен ауыстыру мәселелерін көтердім.
1975 жылдары ет дайындау деген желеумен халыққа ет салығы салынды. Ет бермегендер оның орнын ақшамен төледі. Шындығына келгенде бұл жұмыспен аудандық дайындау мекемесі шұғылдануы тиіс еді. Олардың жұмысын жөнді атқармауынан халық зардап шекті. Осы мәселе бойынша республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне зерттеу мақала жолдап, нәтижесінде ет салығы жойылды.
Республикалық «Ара» журналының 1975 жылғы мамыр айындағы нөмірінде газет, журналдар мен кітаптағы қателер сынға алынатын «Сөлпекбайдың сөз қоймасы» деген бетінде Киров аудандық «Коммунистік еңбек» газетіндегі өрескел қателер жайлы «Алып жүгері» деген мақалам жарияланып, есімім көпшілікке таныла бастады.
«Өскен өңір» газеті маған журналист ретінде көп адамға көмектесіп, әділдікке жетулеріне ықпал жасауыма мүмкіндік берді. Сын мақалалар «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген ортақ тақырыппен жарияланып, көшірмесі шара қолдану үшін тиісті орындарға жолданатын. Жауабы газет бетінде жарияланатын.

Осылайша халықтың жоғын жоқтап, мұңын бөлісіп, оларға демеу болып жүргенімде менің де осал жерім табылды. Биліктегілер «әле жас, оңы мен солын, жақын мен алысты танысын, тәрбие көрсін» деп әскер қатарына аттандырды да жіберді.
Ол кезеңде де жемқорлық пен әділетсіздіктердің орын алғандығы рас. Халық көбіне әділдік іздеп журналистерге жүгінетін. Қарапайым халық емес журналистердің өзі де кейде тағдыр тәлкегіне түсіп, шындық іздеп шырылдайтын. Сондай сәттерде әріптестерім, журналист-ақындар Қаныбек Сарыбаев:
... Сан өлшеніп әйтеуір келемін мен,
Керексізім көбірек керегімнен.
Бір мұсылман табылмай тұр әзірше,
Мені өлшейтін ойыммен өлеңіммен.
Біреу өлшеп мені тұл кедей дейді,
Одан менің ырысым кемеймейді.
Сыймас еді-ау қазақтың даласына,
Байлығымды ақтарсам көмейдегі.
Қазір бәлкім жүр менің көзім кеппей,
Қазір бәлкім жүр менің сөзім де өтпей.
Бірақ, ертең меніңде күнім туып,
Кімдердің кім екені шешілмек қой, – десе, ақын Дәкебаев Санақ Ақашұлы:
Толассыз төпеп, талайлар кітап жазыпты,
Сүреңсіз сөздер, мағынасыз өлең қажытты.
Қараны ақ деп алжасар ақын мен емес,
Болайын мен-ақ шындықты айтып, жазықты.
Табаным тозып, талайдың кездім кеңсесін,
Болар деп біздей «өгей ұл» үшін жөн шешім.
Шығар ем мен де сөз алып күндей күркіреп,
Ақша мен мансап езбесе талант еңсесін.
Әділдік іздеп, өзіме қақпан құрдым-ау,
Тағдырым тарпаң, мінезім қайсар, қыңырлау.
Иілер жерде, именер жерде еңкеймей,
Өзіме өзім түсірдім талай қыл-бұрау.
Талантсыз, ойсыз жандарды көріп таңмын мен,
Қомсынам тіпті даурыққандарға даң-дұңмен.
Өз шешімімді айта алмай кесіп алайда,
Ес білген шақтан жасқанып өскен жанмын мен, – деп әділетсіздікті жырлады.
«Тағдыр мені тезірек кез еттіргін,
Көкесімен көңілі сау, көзі өткірдің.
Соқырлардың сотынан шаршаған соң,
Зарымды айтып тілімді безеп тұрмын», – деп жүріп әділдікке жете алмай ағаларым бақилыққа аттанып кетті.
Әскер қатарынан елге келген соң, кеңшарда біраз уақыт жұмыс жасап, кейіннен Киров аудандық «Шұғыла», «Рассвет» газеттерінде тілші, жауапты хатшы, республикалық «Мырза дала» газетінде тілшілік қызмет атқардым.
2016 жылы журналист Есенбай Бейсенбиев басқаратын, өзім алғаш еңбек жолымды бастаған «Өскен өңір» газетінде тілшілік қызметті қайта жалғастырдым. Бұл жерде бұрын өзіммен бірге жұмыс жасаған Мейірхан Аңламасовпен, кейінгі газет ұжымы Құдайберген Өтешов, Сәбит Лаханов, Айдарәлі Әбубәкіров, Әлібай Сариев, Мария Мүтәлиева, Айнұр Сарбасова, Клара Бөрібекова, Жанар Абдірахымова, Гүлмира Ысқақова, Рүстем Пердебек, Сұлушаш Жамантаева, Гүлнәр Ағмановалармен бірге жұмыс жасап, газет жекешелендіріліп меншік иесі, директор – бас редактор Сәбит Лаханов болғаннан кейін, 2022 жылдың басында жұмысымды тоқтаттым.

Сол кезден осы уақытқа дейін Қариев Нұрболат меншік иесі болып табылатын «Нұр-МБК» өндірістік кооперативінің Нұрмахан Қауысұлы редакторлық ететін «Шартарап-Шарайна» ақпараттық-танымдық газетінде тілшілік қызмет атқарып келемін. Журналистік мамандықты таңдағаныма, өзімді бақытты сезінемін. «Өскен өңір» мен «Шартарап-Шарайна» газеттерінде өткерген жылдарым өмірімнің ең маңызды кезеңдері деп есептеймін. Қаншама аудан басшыларымен, мекеме, бөлім басшыларымен, қызметкерлерімен, зиялы қауым өкілдерімен таныстым. Ауданды алғашқы құрушылар, әріптестерім туралы көптеген көлемді естеліктер жазып, жастарға олардың өнегесін ұсындым. Мені Шардара ауданына журналист ретінде танылуыма осы екі газет пен ұжымының көп үлесі болды. Қазір қай жерге барсам да «аға, ата» деп құшағын жайып қарсы алады.
«Өскен өңір» газетінің 60 жылдық мерейтойы кең көлемде аталынып өтіледі деген ойдамын. Менен алдын «Өскен өңірде» қызмет жасаған Әбілхан Әбіласанов, Құттықыз Сабырова, бірге қызмет атқарған Нұрлан Ибраев, Оңғар Өмірбеков, Күлпара Аманжолова, Зылиха Туғанбаева, Гүлжанат Ермаковаларды осы тойда жолықтырсам нұр үстіне-нұр, қуаныш үстіне-қуаныш болғалы тұр.
Мерекелеріңіз құтты болсын «өскенөңірлік» әріптестер! Сіздерге әрқашан шығармашылық жетістіктер тілеймін. Тойларыңыз тойға ұлассын!
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ, ҚР Журналистер Одағының мүшесі.




