Жыл басынан берi әлемдi әбiгерге салап келе жатқан коронавирус  пандемиясы планетаның қай жерiнен болсын табылып жатты.

Сондай-ақ, елiмiзге наурыз айынан бастап батпандап кiрген бұл iндет қазiргi таңға дейiн жалғасып, тынымсыз карантиндiк шаралардың нәтижесiнде мысқалдап болсын бiрте-бiрте аурудың бетi қайтуда. Ел басшысы төтенше жағдай жариялап, одан кейiн карантиндiк режимдi енгiзгеннен берi қаншама шаруалар атқарылып келе жатыр. Әсiресе, ақ халатты дәрiгерлердiң жұмысы еселеп артып, оларға үлкен сенiм артылды.

Қазiрге дейiн елiмiзде жалғасып келе жатқан қауiптi iндеттiң бетiн қайтаруға бағытталған жұмыстар тыңғылықты атқарылып келедi. Соның iшiнде елiмiздiң бүкiл өңiрлерiнде iндет асқынып тұрған кезде ең соңғылардың бiрi болып Шардара ауданында коронавирус iндетiмен ауырған науқас анықталған-ды.  Мұнан бөлек елiмiзде пневмониямен (өкпенiң қабынуы) сырқаттанғандар саны күрт өскен болатын. Дегенмен дер кезiнде атқарылған қауiпсiздiк шаралары өз нәтижесiн берiп, науқас азаматтар жазылып, дерт жұқтырғандар азайып келедi.

Бұл тұрғыда Шардара ауданында атқарылған жұмыстар мақтауға тұрарлық. Ауданда пандемияға қарсы жан-жақты жүргiзiлiп жатқан шаруалар шаш етектен. Нақты айтқанда: аудандық әкiмшiлiк тарапынан анализдердi тасымалдауға бiр автокөлiк бөлiндi. Наурыз айынан осы күнге дейiн барлық күдiктi науқастардан ПЦР-зерттеуге 3180 адам тексерiлiп, оның iшiнде 6 оң нәтижелi, 3044 терiс көрсеткiш көрсетiлiп отыр, 127 анализ тексерiлу үстiнде. Провизор бөлiмшесiнде 40 төсек орын ашылған, онда осы кезге дейiн өкпе қабынумен 214 науқас жатқызылды. Қазiргi таңда 20 науқас ем қабылдап жатыр.

Медицина қызметкерлерi 3 ауысыммен жұмыс атқарады. 1 ауысымда 8 сағат жұмыс iстейдi.

Инфекциялық госпитальда 20 төсек орын ашылған, онда зерттеулердiң оң нәтижесi шыққандар ауыстырылады. Олар тәулiк бойы дәрiгердiң бақылауымен емiн жалғастырады. Жағдайы жақсарғаннан кейiн үйге қайтарылады. Бүгiнгi таңда 40 адам емделiп шықты.

Шардара ауданы бойынша коронавирус пандемиясынан оң нәтиже көрсеткен 23 адам анықталды. Оның 19-ы басқа облыс, қалаларда  ем алған. Ал қалғанының жағдайы қанағаттанарлық жағдайда.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 3 шiлдесiнен бастап жұқпалы аурулар ғимаратынан инфекциялық госпитальда, провизор бөлiмшесiнде, терапия бөлiмiнде өкпе қабынуымен түскен науқастарға ем көрсетуге арналған  қосымша 20 төсек орын қосылып, барлығы 110 төсек орын дайындалған. Мұнан бөлек терапия бөлiмiнiң 30 төсек орыны қайта бейiмделiп және жаңадан 20 төсек орын қосылды. Бүгiнгi таңда аудан көлемiнде 212 науқас тiркелiп, 184 науқас емделiп шыққан. Сонымен қатар, аудандық орталық ауруханада компьютерлiк томографияға  368 науқас түсiрiлiп, оның iшiнде 60 науқастан пневмония анықталған. Бұл көрсеткiш азайып, аурудан айыққандардың саны күн санап артуда.

Сонымен қатар, ауданда ақпараттық тұрғыдан бiршама шаруалардың атқарылып жатқанын да айта кетуiмiз керек. Атап айтқанда, аудандық ауруханаға қарасты барлық медициналық мекемелерде коронавирусқа қарсы 42 семинар, 8 тәжiрибелiк оқу-жаттығу жүргiзiлiп, халық арасында коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша 14000 кiтапша таратылған. Оған қоса, әлеуметтiк желiлерде коронавирус профилактикасы бойынша мақалалар қарқынды түрде жарияланып келедi.

Барлық дәрiханаларда халыққа көрiнетiн жерге дәрiхана тарапынан қандай да бiр құқықбұзушылық фактiлерi анықталған жағдайда хабарласу үшiн сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттiктiң watsapp (тел: 87020002494) желiсi туралы ақпараттар орналастырылған. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң бұйрығына сәйкес, негiзгi дәрi-дәрмек бағаларының шектiк мәнiнен асырмай сатылуын бақылау бойынша ерiктiлер тобы құрылып, күнделiктi бақылау жүргiзу қолға алынған. Мониторингтiк топ дәрiханаларды күнделiктi аралап, талдау жасап отыр.

Елiмiздiң бүкiл өңiрiнде негiзгi проблемаға айналып, қазiргi кезде бiрте-бiрте шешiлiп келе жатқан дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесi Шардара ауданында да айтарлықтай қолға алынған. Бұл бағытта ауданымызда Өзбекстан Республикасының ресми өкiлi болып саналатын «Беласар Интернейшнл» ЖШС мен аудандағы бiрқатар дәрiханалар келiсiм-шарттар түзiп, тиiстi дәрi-дәрмектердi тұрақты сатып алуда. Сонымен қатар, елiмiздегi өзге де iрi көлемдегi көтерме сатушылар «Атамирас» ЖШС, «Медин» ЖШС, «Аманат» ЖШС т.б. көтерме қоймалары бар кәсiпкерлерден дәрi-дәрмектердi сатып алу жұмыстары жүргiзiлуде. Сондай-ақ, аудандағы орталық аурухана қорында коронавирустық инфекция мен пневмония ауруын емдеу үшiн қолданылатын дәрiлiк заттардың 1 айлық қоры бар  және қорғаныс заттары мен дезинфекциялық заттар қоры жеткiлiктi мөлшерде екендiгiнiң астын сызып айтқан дұрыс.

Ауданымызда кәсiпкерлер тарапынан берiлiп жатқан көмектiң де көп екендiгiн айтуымыз керек. Анығын айтқанда, аудан әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен  35 пульсоксиметр мен 1120 оттегi баллондары (кислород) және 19 оттегi концентраттық аппараты кәсiпкерлер тарапынан алынған.Тәртiп барлығына ортақ болғанымен, заңдылықты бұзушы жандар қай кезде болмасын, қай жерде  болмасын шығатындығы аян. Ауданда  карантин режимiнде құқықбұзушылық жасап, қауiпсiздiк ережелерiн сақтамай, тағы да басқа талаптарды орындамағандар табылып жатты. Нақты айтқанда, Шардара ауданында бүгiнгi таңға дейiн  дәрi-дәрмек бағаларын негiзсiз өсiру бойынша 3 фактi анықталған. Осы мәселе бойынша дәрiхана басшыларынан түсiнiктемелер алынып, iс-құжаттары полиция бөлiмi тарапынан облыстық тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң сапасы мен қауiпсiздiгiн бақылау комитетiне жолданған. Сондай-ақ, аудан әкiмдiгi тарапынан негiзсiз бағаларды өсiрген жағдайда айыппұлдар салынып, лицензиясы алынатындығы жөнiнде дәрiхана иелерiне күнделiктi ескертiлiп, мониторинг жұмыстары тұрақты жүргiзiлуде. Бұл бағытта Шардара ауданында пандемияның алдын алу бойынша 6 мониторингтiк топ құрылып, жұмыс жасауда.

Адамдар көп шоғырланатын  нысандардың  алдына кезекшiлiк ұйымдастырылып, адамдарды маскасыз кiргiзбеу жолға қойылған. 6 мобильдi топпен 622 нысанға тексеру жүргiзiлiп, карантин режимiн бұзған 21 нысан иесiне хаттама толтырылып, 2-еуi сотқа жолданса, 73 ескерту актiсi толтырылып берiлген. Сонымен қатар, жазғы маусымда жағажайға аңсары ауып тұратын демалушылар үшiн биылғы жыл жағымсыз жаңалығымен келдi. Өйткенi пандемияға байланысты Шардара су қоймасы жағалауындағы шомылу маусымында ашылған демалыс орындарының жұмысы уақытша тоқтатылып, адамдардың келуiн болдырмау мақсатында полиция бөлiмiмен кезекшiлiк ұйымдастырылып, мобильдi топтар күнделiктi рейдттiк жұмыстарын атқаруда.

Дезинфекциялау жұмыстарына келер болсақ, Шардара қаласы мен ауылдық округтердегi көшелер мен аяқжолдар, балалар алаңшалары тағы да басқа қоғамдық орындар део-хлор ерiтiндiсiмен аптасына 2 реттен залалсыздандырылуда. Ол жұмыстар 11 бiрлiк ОВХ тiркемесi, 30 бiрлiк қолмен бүркеу (ранцовый) аппаратымен жүргiзiлуде. Бұл тұрғыда  аудандағы 1345 объектiде (сауда дүкендерi, сауда орталықтары, сән салондары, кафе, қоғамдық тамақтану орындары т.б. мекемелер) барлығы 1758502,2 шаршы метр аумақта күнделiктi кестеге сәйкес, дезинфекциялау жұмыстары  атқарылып отыр.

Әлеуметтiк желiнiң, жалпы ғаламтор билеген уақытта заманға бейiмделiп өмiр сүру кез-келген iсте тиiмдiлiк пен оңтайлы жұмыс өнiмдiлiгiн беретiндiгi бәрiмiзге мәлiм. Осы бағытта, ауданда пандемия кезiнде Facebook әлеуметтiк желiсiнде «Shardara adaldyk alany» атты парақша ашылған. Ол парақшамен арнайы мобильдi топ iшiнен бекiтiлген ресми өкiл, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл басқармасымен бiрiгiп, атқарылып жатқан бүкiл жұмыстарды тiкелей эфир арқылы көрсетiп отырады. Атап айтқанда, карантиндiк режимнiң сақталуы бойынша күнделiктi жасалып жатқан рейдтiк шараларды, дәрiханалардағы баға тұрақтылығына және кәсiпкерлер тарапынан берiлiп жатқан көмектердi, тағы да басқа пандемияға қарсы шараларды осы парақшада тiкелей эфир арқылы жариялап, талқылап отырады.

Ел болып бiрiге отырып iндеттiң таралуына тосқауыл қоя бiлсек, әрқашан тәртiпке бағынып, сақтық шараларын қатаң ұстансақ бұл дерттi де жеңiп шығарымыз анық.

Р.ПЕРДЕБЕК.