
Халық пен билік арасында дәнекер болатын, ел ішіндегі өзекті мәселелерді қозғап, оның шешілуін қамтамасыз ету үшін қажетті мемлекеттік органдарға уәжін жеткізетін ұйымдарды Қоғамдық кеңестер деп атаймыз.
Қоғамдық кеңестерді құру бастамасы Қазақстанда 2013 жылы қолға алынды. Аз уақыттың ішінде өзінің тиімділігін көрсете білген ұйымдардың 2015 жылы құқықтық мәртебесі айқындалды. Қоғамдық кеңестер туралы арнайы заң қабылданды.
Қоғамдық кеңес – консультативтік-кеңесші, байқаушы орган. Олар екі деңгейде – республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылды. Сондай Қоғамдық кеңес Шардара ауданында да құрылған.
Кешегі аптада аудан әкімдігінде Қоғамдық кеңестің 2026 жылғы алғашқы мәжілісі болып өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, кеңес мүшелері, дербес бөлім басшылары қатысты. Жиынды кеңес төрағасы Нұрмаханбет Сапаров жүргізіп отырды.
Жиында бекітілген бірінші мәселе бойынша қоғамдық кеңестің жұмыс жоспары бекітілді. Екінші мәселе – 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы бойынша аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков хабарлама жасады. Бұл мәселе бойынша атқарылған жұмыстарға оң баға берген кеңес мүшелері өздерін толғандырып жүрген сауалдарға тиісті жауап алды.
Мұнан соң, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің 2025 жылы атқарған жұмыстары тыңдалды. Бұл жайлы аталған бөлім бастығының міндетін атқарушы А.Сатбаев хабарлама жасады.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселе – Шардара қаласындағы атаусыз көшелерге атау беру туралы қала әкімінің орынбасары С.Әбдінасыров баян етті.
Келесі кезекте Сүткент ауылының тұрғыны Д.Асылханұлы Сырдария өзені арқылы Сүткент-Байтоғай бағытында көпір салудың маңыздылығын атап өтті. Мүмкін болса, осы ұсынысты аудан әкіміне жеткізуді сұрады.
– Сүткент ауылы Шардара-Арыс тасжолынан 8 шақырым қашықтықта, Сырдария өзені бойында орналасқан. Ауылға қарама-қарсы бетте, өзеннің арғы бетінде Байтоғай ауылы орналасқан. Егер, өзен үстіне екі ауылды жалғайтын көпір салынса, онда Сүткент ауылы тұрғындарының Шымкентке қатынауы едәуір жеңілдейді. Ол кезде Сүткенттіктердің ғана емес, өзге ауылдық округтердің тұрғындары да, осы жол арқылы көп жол қысқартар еді, – дейді Д.Асылханұлы.
Өз тілшімізден.




