Өткен аптада Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев Достық, Ақшеңгелді, Сүткент, Қызылқұм, Алатау батыр, Ұзын ата, Көксу, Қоссейіт, Қ.Тұрысбеков және Жаушықұм ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелерді тыңдады.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылған жүздесулерде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Кездесу барысында алдымен ауылдық округ әкімдері атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, абаттандыру, инфрақұрылымды жақсарту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар мен негізгі міндеттерге тоқталды.

Одан кейін тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-тілектерін ашық жеткізді.

Жүздесулер барысында ауылдардың жол, жарықтандыру, абаттандыру, ауыз су, электр желілері, қауіпсіздік, әлеуметтік нысандар және инфрақұрылым мәселелеріне қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды.

Атап айтқанда, көшелердің жағдайын жақсарту, жекелеген көшелерге тас төсеу және асфальттау, балалар алаңдарын жарықтандыру, жол белгілерін орнату, балабақша маңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер көтерілді.

Сонымен бірге Сырдария өзені арқылы Қожатоғай және Байтоғай бағыттарына көпір салу, ауылдардағы мәдени-әлеуметтік нысандарды жаңғырту, саябақтар мен сахналарды қалпына келтіру, елді мекендердің мерейтойлық іс-шараларына дайындық мәселелері де назарға алынды.

Тұрғындар үшін аса маңызды ауыз су мәселесінің шешім табуы ауылдардағы оң өзгерістердің бірі ретінде атап өтілді.

Кездесулерде «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысты да бірқатар сұрақтар қойылды. Тұрғындар кәсіп бастау, жеңілдетілген несие алу, ауыл шаруа- шылығын дамыту, жаңа жобаларды іске асыру және өз кәсібін кеңейту мүмкіндіктері жөнінде сауалдарын қойып, жауапты мамандардан нақты түсіндірмелер алды.

Кездесулер барысында көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, жауапты сала басшылары тарапынан түсініктемелер берілді.

Аудан әкімі Арман Қарсыбаев тұрғындардың ұсыныстарын мұқият тыңдап, әрбір мәселе бойынша жауапты мамандардан нақты ақпарат алды. Тиісті сала басшыларына мәселелерді шешу жолдарын қарастырып, нақты тапсырмалар берді.

Басты назар – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталды.

Халықпен кездесу – есеп беру үшін ғана емес, елдің үнін естіп, нақты шешім қабылдау үшін қажет. Әрбір айтылған ұсыныс – ауылдың бүгінгі мәселесі ғана емес, оның ертеңгі дамуына қатысты маңызды міндет.

 Өз тілшімізден.