Аудан әкiмi Қайрат Жолдыбайұлы қала әкiмi Ережеп Бекетпен бiрге қалада салынып жатқан құрылыс нысандарын аралады.
Төле би көшесiнiң бойындағы желiлiк саябақты бастан аяқ аралап шығып, ондағы қойылған орындықтарды жаяу жүргiншiлер жолынан ауыстыру қажеттiгiн, көгалдандыру жұмыстарының талапқа сай еместiгiн айтып, әлi де бiтпеген жұмыстарды тез арада аяқтауды ескерттi.
№14 Бекеттегi Шардара-Арыс автокөлiк жолының оң қапталына қоршау жасап, қазан айында күзгi ағаш отырғызуды қамтамасыз етiп, түтiкпен суғарылатын жүйе жасауды аяқтауды тапсырды.
Сол сияқты “Үш Арыс скверiнде”, А.Иманов атындағы жалпы орта мектебiнiң жаңа құрылыс нысанын, аудандық полиция бөлiмiнiң салынып жатқан қосымша ғимаратын аралап көрiп, тиiстi жұмыстарды тез арада аяқтау қажеттiгiн, күзгi жауын-шашында, қыстың суығында атқарылған жұмыстардың сапасы төмен болатындығын ескерттi.
Аудан әкiмi “Тұңғыш Президент саябағы” мен орталық стадиондағы атқарылып жатқан жұмыстармен де танысып, жұмыстың баяу жүргiзiлiп жатқандығына, тапсырманың белгiленген мерзiмде орындалмай қалу қаупi бар екенiн айтып, сапаға көп көңiл бөлудi тапсырды. Аудандық құрылыс бөлiмi мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмдерi басшыларына атқарылып жатқан жұмыстарға бақылауды күшейтiп, нысандардың белгiленген кестеге сай пайдалануға берiлуiне ықпал жасау ескертiлдi.
Өз тiлшiмiзден.