Дүниежүзiлiк пошта күнi – Бiрiккен Ұлттар Ұйымы жүйесiнде атап өтiлетiн халықаралық күндердiң бiрi. Дүниежүзiлiк пошта одағы 14-шi Конгресiнiң шешiмiмен одақтың 1874 жылы құрылған күнi құрметiне аталып өтiледi.

1874 жылы 9 қазанда Швейцарияның Бьерне қаласында 22 елдiң өкiлдерi Бас пошта одағының негiзiн бекiтетiн Берн келiсiмiне қол қойды. 1878 жылы одақ өз атауын өзгертiп, Дүниежүзiлiк пошта одағы деп атала бастады. Бүкiл Әлемде 9 қазаннан бастап халықаралық хат апталығы өткiзiледi.  

Дүниежүзiлiк пошташылар Одағына 200-ге жуық  мүше елдер, оның iшiнде Қазақстан Дүниежүзiлiк пошта желiсiнiң жұмысын қамтамасыз етедi. Дүниежүзiлiк пошта одағына кiретiн пошта қызметтерi бүкiл әлем бойынша пошта жеткiзудiң ең кең желiсiн құрайды.     

«Казпочта» АҚ ОҚОФ Шардара аудандық пошта байланыс торабында аудан бойынша бүгiнгi таңға 18 пошта  бөлiмшелерi қызмет етуде. Оның iшiнде 1 орталық операциялық учаскесi,  2 төлем қабылдау нүктелерi, 2 қалалық пошта байланыс бөлiмшесi, 13 ауылдық пошта байланыс бөлiмшелерi.  Шардара аудандық пошта байланыс торабында 63 қызметкер халыққа қызмет көрсетуде. Аптасына бес рет арнайы пошта тасмалдау бағыты жұмыс атқарады.  Ауыл округiндегi пошта байланыс бөлiмшесi толық автоматтандырылған жүйеге ауысып қызмет атқарады.    

Төтенше жағдайда да жұмысын тоқтатпаған аз ғана мекеменiң бiрi «Қазпочта» акционерлiк қоғамы болды. Өйткенi, пошта-байланыс саласы қазақстандықтардың күнделiктi тiршiлiгiнде көптеген ең қажеттi, өмiрлiк маңызы бар қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған, жүздеген қызмет түрлерiн көрсетедi iндеттiң қауiптiлiгiне қарамастан, қауiпсiздiк шараларын сақтай отырып, толық қуатында жұмыс iстедi. 

Атап айтқанда пошта жолданымдарын қабылдайды, тасымалдайды және жеткiзедi, мерзiмдi басылымдарға жазылым қабылдайды және газет-журналдарды таратады, клиенттерге курьерлiк қызмет, EMS – Kazpost қызметiн көрсетедi; екiншi деңгейдегi банк қызметiн атқарады, халықтан депозит қабылдайды, заңды және жеке тұлғалардың банкiлiк шоттарын ашады, сондай-ақ кассалық және аударым операцияларын жүргiзедi, зейнетақы және жәрдемақы төлейдi; зейнетақы қорлары мен сақтандыру компанияларына агенттiк қызмет көрсетедi, хабарламалар жеткiзедi, делдалдық, сауда-саттық, сақтандыру, коммерциялық т.б. қызмет түрлерiн көрсетедi. Бұл үшiн қала тұрғыны немесе ауыл тұрғыны болсын бәрiне бiрдей пошта байланысын пайдалануға қолайлы жағдай жасалынған. Сондықтан, iс жүзiнде банкiлiк және өзге де құрылымы жоқ елдi мекендерде қоныстанған ауыл тұрғындары үшiн олардың мұң-мұқтажын ойлап, сұраныстарын қанағаттандыратын бiрден-бiр мекеме почта байланысы болып отыр. Пошталық банкоматтар мен POS-терминалдар халыққа қызмет көрсетуде,        

Қызмет алуға келушiлердiң де қауiпсiздiк шаралары толық жасалды. Соның арқасында халық кедергiсiз қажеттi қызмет түрлерiн ала алды. Жұмыссыз қалғандардың 42500 теңге алуы үшiн пошта арқылы  жеке есепшоттарын аштық. Келiп түскен төлемақыны тұрғындардың үйлерiне апарып берудi ұйымдастырдық. Сол сияқты көпбалалы аналар мен қарттарға, науқастарға, мүмкiндiгi шектеулi азаматтарға, зейнеткерлерге де алатын жәрдемақыларын арнайы көлiкпен, қауiпсiздiк талаптарын сақтай отырып, пошта қызметкерлерi үйлерiне апарып бердi.   

Қорыта келгенде, «Қазпочта» қашанда көштен қалмай, заман талабына сай әрекет жасайтын ұйым. Бiз өз қызметiмiздi үнемi жетiлдiрiп, қызмет көрсететiн мамандарының кәсiби бiлiктiлiгiне баса назар аударып, халыққа адал жұмыс iстеймiз.

Алдағы 9 қазан –«Дүниежүзiлiк пошта күнi». Осындай мерейлi күнi барша әрiптестердiң еңбегiне табыс, мұрат тұтқан игi iстерiне табандылық, шығармашылық шабыт тiлеймiн! Отбасыларыңызда амандық пен береке болсын!

Ақмарал Құлшаева, аудандық пошта байланыс торабының бастығы.