Аудан әкiмiнiң орынбасары Ағатай Тәженов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң басшысы Талғат Әлiмқұл, «Қазсушар» РМК Шардара аудандық
бөлiмшесiнiң басшысы Ермек Смайылұлы және мақта қабылдау пункттерiнiң басшылары бiрiгiп, Қызылқұм, Алатау батыр, Ұзыната, Сүткент, Ақшеңгелдi, Көксу, Қоссейiт және Достық ауылдық округтерiнiң диқандарымен кездестi.
Кездесу барысында мақта дақылының көлемi мен бағасына байланысты мәселелер талқыланды. Жиынға аудандағы мақта қабылдау зауыттарының басшылары да қатысып, диқандармен мақта өнiмiн қыбылдау барысында туындайтын мәселелерге тоқталды. Шаруалардың айтуынша биылғы жылы өңiрiмiзде ауа райының қолайсыздығына байланысты мақта дақылын егу кешеуiлдеген. Оған қоса, күз мезгiлiнiң ерте түсiп, ауа райы салқындағаны тағы бар. Осындай түйткiлдi жағдайларды ескере келе биылғы өнiмнiң аз болатындығын алға тартты.
– Биылғы жылы пандемия бастау алғаннан бастап әлем бойынша дағдарыс кезеңi орын алды. Сондықтан да, бiздiң ел де экономикалық тұрғыдан бiрқатар қиындықтарға ұшырауда. Мақта өнiмiне сұранысы жоғары Еуропа елдерiнiң пандемияның кесiрiнен өнiмге деген қажеттiлiгi төмен болып отыр. Сол үшiн де, мақтаның нарықтағы бағасы тұрақталмай тұр. Яғни, сұранысқа қарай баға артады және кемидi. Ал, бiз бүкiл диқанның алажаздай жасаған еңбегiнiң еш кеткенiн қаламаймыз. Бiз мақта зауытының директорларымен сөйлесiп, барынша шаруаларға жеңiлдiк жасауын сұраудамыз, – дедi А.Тәженов.
Кездесу барысында зауыт басшылары қолдан келген шараны жасауға тырысатынын жеткiздi.
– Инвесторлармен сөйлесiп, мәселенi шешемiз. Сондай-ақ, мақта бағасы төмендеу болып жатса, бiз шаруаларға түрлi жеңiлдiктердi қарастырып, жағдайға қарай диқандарға қаржыдан субсидия ретiнде 5 теңгеден үстемақы төлеу жолын қарастырамыз», – дедi «Шардара мақта» зауытының директоры М.Тәжiбаев.
Сонымен қатар, «Қазсушар» РМК Шардара аудандық бөлiмшесiнiң басшысы Е.Смайылұлы диқандарға биылғы егiстiкке толық су берiлгендiгiн айтып, дебиторлық ақыны, яғни егiстiк пайдаланған ағын судың төлемiн уақытылы қайтаруды сұрады.
Жиында мұнан басқа да көктемгi егiстiкке керектi ағын су көлемiн бекiтiп, сол бойынша бiрқатар мәселелердi талқылады.
Р.ЕРҒАЛИҰЛЫ.