Ұзын ата ауылындғы “Айткүл – Атақоныс” фермер қожалығының басшысы Рақымбердi Айтмырзаевты қайырымды жан ретiнде тек ауылдың ғана емес ауданның да бiршама азаматтары таниды десек артық айтқандық емес.

Ауылындағы аз амтамасыз етiлген отбасылар мен жалғызiлiктi жандарға, балалар бақшасына демеушiлiк жасап жүрген ол қаладағы жаңадан ашылған балабақшаларға да өз көмегiн көрсеткендiгiн бiлемiз. Ауылының отызға жуық қариясын “Ер-Дәуiтке”, Арыстанбабқа, Қожа Ахмет Яссауиге өз қаражаты есебiнен бiрнеше рет зиярат етуге де алып барды.

Биылғы жылы да қарамағындағы елу гектардан астам жерге күрiш салысын егiп, одан мол өнiм алып, кеусен тарқатып, қайырымдылық жасап жатқан жағдайы бар. Аулынан бөлек қала орталығында тұратын елу мүмкiндiгi шектеулi азаматқа 10 келiден күрiш тарқатып, баталарын алды.

Ал өткен аптада көршi ауданның орталығы Арыс қаласындағы “Төлеген Тәжiбаев атындағы отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы” мекемесiне аудандық қоғамдық келiсiм кеңесiнiң төрағасы Қыстау Iлесов, Ұзын ата ауылдық округi ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Пердебай Қаппаровтармен бiрге барып, алпыстан астам тәрбиеленушi баланың жай-күйiмен танысып, 500 келi күрiш пен 200 келi күрiш жармасын (сечка) берiп, қайырымдылық көрсеттi. Осындай қамқорлық көрсеткен Рекеңе мекеме басшысы Меруерт Сүйiндiкова тәрбиеленушi балалар мен мекеме қызметкерлерi атынан алғыс бiлдiрдi.

Одан әрi тәрбиеленушiлермен кездесу ұйымдастырылып, олардың өнерлерiн тамашалады. Мекеменiң басшысының орынбасарлары Сәуле Байдабекова, Еркiн Ержанов және Ерарыс Шораев қатысқан дастарқан басында Арыс қаласының “Рәтәй” мешiтiнiң имамы Пердебек Iзбасқанов жерден алынған өнiмнен берiлетiн кеусен, ата-ана мен бала арасындағы байланыс пен мiндет, парыз жөнiнде уағыз айтып, соңынан батасын бердi.

– Бiрде Шымкенттен қайтып келе жатып Пердебай ағамен бiрге осы балалар үйiне бардық. Қақпа алдында жолыққан бала бiзге кiруге болмайтынын айтты. Бiз мекеме басшысында жұмысымыз бар екенiн айтқанымыздан соң барып, қақпаны ашты. Осы кезде арғы жақтан мекеме қызметкерiн көрiп “Апай, Сарыағаштан атам менi алып кетуге келiптi” демесi бар ма? Екеумiздiң де ауызымызға сөз түспей аңтарылып тұрып қалдық. Балаға ата-ана деген қандай қымбат жандар екенiн сол сәтте қатты сезiндiк, – дейдi Рақымбердi Айтмырзаев.

Өз тiлшiмiзден.