Апта басында Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Әлiмжан Құртаев пен Түркiстан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев ауданға арнайы келiп, еңбек ардагерлерiмен және зиялы қауым өкiлдерiмен кездесу өткiздi.
Аудандық ардагерлер Кеңесiнде өткен кездесудi «Nur Otan» партиясы Шардара аудандық филиалының бiрiншi орынбасары Ерғали Қарымсақов ашып, жүргiзiп отырды.
Жиында сөз алған сенатор Әлiмжан Сейiтжанұлы 2020 жылы Парламент қабырғасында атқарылған жұмыстармен қысқаша таныстырып өттi.
– Өткен жылы барлығы 110 заң қабылданып, бекiтiлдi. Олардың басым көпшiлiгi экономиканы қайта қалпына келтiруге бағытталды. Сондай-ақ, елiмiзде тұңғыш рет Ардагерлер туралы заң өмiрге келдi. Орта және шағын бизнестi дамыту бойынша бiрнеше заңдар қабылданды. Осылардың iшiнде микроқаржы ұйымдары, ломбард жүйесi бойынша заңдар қабылданып, алдағы уақытта олардың басшыларына қойылатын талаптар күшейтiлетiн болды. Мұның барлығы да «Nur Otan» партиясы тарапынан жасалынып отырған халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн жақсартуға бағытталған игi тiрлiктер деп айтсақ жарасады, – дедi Сенат депутаты.
Облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев облыс көлемiнде атқарылған шаруаларға шолу жасады. Өз кезегiнде ауданның Құрметтi азаматтары Бәкiр Қалмырза, Жамал Төлешова сынды еңбек ардагерлерi ауданға ат басын бұрып келген халық қалаулыларына алғыстарын айта отырып, қаланы газдандыру, күн сайын өсiп бара жатқан азық-түлiк, басқа да заттардың бағаларын төмендету бойынша республика тарапынан жүйелi жұмыстар қолға алынса деген өтiнiш-тiлектерiн жеткiздi. Ардагерлердiң өтiнiштерiн мұқият тыңдаған Әлiмжан Құртаев пен Қайрат Балабиев олар бойынша тиiстi жұмыстар жүргiзiлетiнiн мәлiмдедi. Сонымен бiрге, Әлiмжан Сейiтжанұлы таяу жылдарда Сарыағаш ауданынан Шардара арқылы Жетiсай өңiрiне 202 шақырым темiржол тартылатынын айтып, тұрғындарды бiр қуантып өттi.
Жиын соңында аудандық ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы Тоқсанбай Бердiбеков қонақтарға алғыс айта отырып, Шардара ауданының 55 жылдығына орай шығарылған «Шардара – шаттық мекенi» кiтаптарын естелiкке сыйға тартты.
«Өскен өңiр» – ақпарат.