Кешегi апта соңында Шардара аудандық мәслихатының жетiншi шақырылымы бойынша  сайланған депутаттардың алғашқы сессиясы өткiзiлдi.

Сессияны ашқан аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Есенбай Бейсенбиев жаңадан сайланған депутаттар құрамын таныстыра отырып, оларға мандат куәлiгi мен төсбелгiнi салтанатты түрде табыстады.

Мұнан соң сессия төрағалығына Сүндетәлi Айдос сайланып, жиынды ары қарай жүргiздi. Сессияның күн тәртiбiнде «Жетiншi шақырылымдағы аудандық мәслихаттың хатшысын сайлау туралы», «Жетiншi шақырылымдағы аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру, сандық құрамын белгiлеу және олардың мүшелерiн сайлау туралы», «Жетiншi шақырылымдағы аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағаларын сайлау туралы», «Шардара аудандық мәслихатында «Нұр Отан» партиясының фракциясын тiркеу туралы», «Аудандық мәслихаттың кезектi сессиясының төрағасын сайлау» туралы мәселелер қаралып, талқыланды.

Сессия барысында депутаттар аудандық мәслихат хатшылығына ауданның Құрметтi азаматы, «ҚР-на еңбек сiңiрген жаттықтырушы», Халықаралық дәрежедегi спорт шеберi, қол күресiнен 49 әлем чемпионын баптап шығарған даңқты спортшы, «Құрмет» орденiнiң иегерi Арман Қарсыбаевтың кандидатурасын ұсынып, бiрауыздан сайлады.          

– Менiң мақсатым – Шардара-ның көркейiп-гүлденуiне, өсiп-өркендеуiне қызмет ету.  Баршаңызды осы өңiрдiң әлеу-меттiк-экономикалық жағдайын жақсарту жолында аянбай еңбек етуге шақырамын. Туған жерiмiздi түлетуге бiр кiсiдей атсалысып, жұмыла жұмыс жасай берейiк. Маған сенiм артқандарыңыз үшiн үлкен рахмет, – дедi Арман Қарсыбаев.

Сондай-ақ, аудандық мәсли-хаттың алдағы болатын сессия-сының төрағалығына депутат Нұржан Нөсеров сайланды.

Халықтың сенiмiне ие болған азаматтарды аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай да құттықтады.

– Сайлау додасында бақ сынаған үмiткерлер қатары өте мол болды. Солардың iшiнен сiздер мандатқа ие болып отырсыздар. Баршаңызға құтты болсын айтамын. Биылғы жыл тарихи күндерге толы жыл болмақ. Соның ең бастысы – елiмiздiң Тәуелсiздiгiне 30 жыл толады. Тәуелсiздiгiмiздiң тұғырлы болуы үшiн еңбек ете берейiк, – дедi аудан басшысы.     

Өз тiлшiмiзден.