Иә, шалғайда жатқан Шардарадан шыққан қос саңлақ Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты атанып, бiздi үлкен қуанышқа бөлеп отыр.
Бұған дейiн де осы Парламентте болған Құдайберген Ержан ағамыз «Нұр Отан» партиясы тарапынан осы жолы да қайта сайланды. Құдайберген ағамыздың еңбегiн шардаралықтар жақсы бiледi. Ел iшiнде ол кiсi туралы тек жағымды пiкiрлер естисiз.
Парламенттiң төрiне шыққан тағы бiр жерлесiмiз – белгiлi ақын, ұлт жанашыры, қоғам қайраткерi Қазыбек Иса ағамыз. Қазыбек ағамыз «Ақ жол» партиясының атынан додаға ат қосқан. Ағамызды мәренiң алдынан көрiп, бөркiмiздi аспанға атып жатқан жайымыз бар.
Сонымен, шағын ғана ауданнан екi бiрдей Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты шығып отыр. Бұл бiз үшiн үлкен мақтаныш, зор қуаныш. Ендiгi жерде ағаларымыз елдiң экономикалық-әлеуметтiк тұрғыда дамуы үшiн өздерiне сенiп дауыс берген жерлестерiнiң сенiмiнен шыға бередi деп сенемiз. Өйткенi қос ағамыз да тәжiрибелi. Салмақты да салиқалы сөз айта алады.
Парламент төрiне шыққан қос бiрдей ағамызға әрдайым сәттiлiк тiлеймiз!
* * *
Белгiлi кәсiп-кер, «Хамит» ауыл шаруашылығы өндiрiстiк коопера-тивiнiң басқарма төрағасы Бақытжан Серманизов Түркiстан облыс-тық мәслихатының депутаты болып сайланды.
Б.Серманизов бұған дейiн де облыстық мәслихат депутаты болып сайланған. Тәжiрибесi мол азамат. Көптеген мәселелер бойынша (табиғи газ тарту, ауыз су, жол жөндеу, тұрғын үй құрылысы, т.б) бастама көтерiп, ол жұмыстардың облыс әкiмдiгi тарапынан қолдау табуына ықпал еткен. Халық сенiмiне ие болған жерлесiмiз алдағы уақытта да елдiң экономикалық-әлеуметтiк тұрғыда дамуы үшiн аянбай ететiнiне сенiмдiмiз.
«Өскен өңiр» – ақпарат.