Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2016 жылғы 5 ақпандағы “Орталық атқарушы органдар басшыларының,
әкiмдердiң, ұлттық жоғарғы оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерiн өткiзу туралы” №190 Жарлығына сәйкес қала және ауыл округ әкiмдерiнiң тұрғындар алдында есеп беруi жылына бiр рет өтетiн болып белгiленген. Есеп беру кездесуiн өткiзудегi негiзгi мақсат атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершiлiгi мен есептiлiгiн арттыру және халықты мемлекеттiк басқару процесiне кеңiнен тарту болып табылады.
Осыған орай, өткен аптаның соңында қала әкiмi Ережеп Бекет қалада 2020 жылы атқарылған жұмыстар жөнiнде қала аумағындағы шағын аудандар мен елдi мекен тұрғындарына жылдық есебiн бердi.
Есеп беру жиынын қалалық қоғамдастықтың төрағасы Жамантай Жаңабай ашып, жүргiзiп отырды.
Қаладағы өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнiнде бейнефильм көрсетiлгеннен кейiн қала әкiмi Ережеп Құдайбергенұлының баяндамасы тыңдалды.
2020 жылдың есептi кезеңiнде қала әкiмшiлiгiнде 950 жеке тұлғаның, 11 заңды тұлғаның өтiнiштерi қаралып, қанағаттандырылған. Осы мерзiм iшiнде қала әкiмi аппаратына аудан әкiмi аппаратынан, құзырлы органдардан, мекемелерден келiп түскен 1387 хат кiрiс болып, 1349 хат шығыс болған. Жеке қабылдауда 61 азамат болып, оларға тиiстi жауап берiлген.
12 айдың бюджеттiк салық кiрiстерi барлық түрiн қосқанда, 116 127 000 теңге орнына 117 956 400 теңгеге, яғни, 1829 400 теңге артығымен 102 пайызға орындалған. Қала бойынша 2020 жылы 465 отбасыға әлеуметтiк көмек тағайындалған. Жалпы қала бойынша демеушiлердiң көмегiмен 337 адамға барлығы 3 825 400 теңгенiң көмегi көрсетiлген.
Шардара қаласының санитариясын қамтамасыз ету қызметi бойынша қала аумағын 3 лотқа бөлiп, мемлекеттiк сатып алу шаралары жүргiзiлiп, конкурстың қорытындысымен “Жаса – 3” ЖШС жеңiмпаз атанған. Жеңiмпаз мердiгермен келiсiмшарт түзiлiп, жұмыс кестесi бекiтiлiп берiлген. Қала көшелерiн жарықтандыру бойынша аудандық бюджеттен қаржы бөлiнiп, қаладағы 15 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргiзiлген. Қала тұрғындары 94 пайызға орталықтандырылған құбыр суымен қамтылған. Ауыз су тәулiк бойы үздiксiз берiлуде.
Қаланы газдандыру төрт кезеңге бөлiнiп, кезең кезеңiмен жұмыс жүргiзiлуде. “Нұрлы жер” мемлекеттiк бағдарламасы аясында Астана, Әл-Фараби көшелерiнiң бойынан жаңадан 4 қабатты 40 пәтерлi 2 тұрғын үйдiң құрылысы 1918 жылы басталып, Әл-Фараби көшесiнiң бойындағы көпқабатты тұрғын үй 2020 жылдың қараша айында пайдалануға тапсырылды. “Әсем-ай”, “Nur Otan” шағынаудандарына инженерлiк коммуникациялық инфрақұрылымдарының құрылыс жұмыстары толық аяқталып, орталықтандырылған құбыр суымен қамтамасыз етiлген.
Қаладағы жалпы ұзындығы 13,44 шақырымды құрайтын 5 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргiзiлген. Бұдан бөлек, 3,9 шақырым болатын 11 көшеге тас төсеу жұмыстары атқарылған.
Қала әкiмi Ережеп Құдайбергенұлы бұдан бөлек қаланы көрiктендiру мен абаттандыру, ауыл шаруашылығы және ветеринария, бақылау камералардың жұмыстары жөнiнде хабарлама жасады. Биылғы жылы атқарылатын жұмыстар жөнiнде де айтып өттi.
Есеп беру жиынында сөзге шыққан аудандық келiсiм кеңесiнiң төрағасы Қ.Iлесов, аудандық мәслихаттың депутаты Э.Қалмырза, аудандық медиатор Ж.Биту және Р.Ходжаниязовалар қала әкiмi Е.Бекеттiң 2020 жылғы атқарған жұмыстарына жоғары баға берiп, алдағы жұмыстарына табыс тiледi. Сонымен қатар, өздерiнiң ұсыныс-пiкiрлерiн айтты.
Жалпы алғанда, тұрғындар аялдамаларды ретке келтiру, спорт алаңшасына жер бөлу, қоқыстарды уақтылы әкету, Есалиев, Тоқтаров көшелерiне тас төсеп, Аймауытов, Өрбiсұлы, Көбеев, М.Әуезов көшелерiн орта жөндеу, Ш.Құдайбердиев көшесiн асфалттауды соңына дейiн жеткiзу туралы сұрақтарын қойып, тиiсiнше оған жауаптарын алды. Ал Н.Тоқсанбаев болса, №4 шағын ауданға сапалы интернет желiсiн жеткiзу бойынша қойған сұрағына қанағаттанарлық жауап алды.
Қала әкiмiнiң есеп беру жиынын қорытындылаған қалалық қоғамдастық төрағасы Ж.Жаңабай қала тұрғындарына биылғы жылы да қала әкiмшiлiгiмен бiрлесе отырып, қаланың тазалығын сақтауға, көркейтуге атсалысып, бала тәрбиесiне көңiл бөлiп, жұмыла жұмыс жасауға шақырды.
Ж.СЕЙДУӘЛИЕВ.