Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 «Орталық атқарушы органдар басшыларының,
әкiмдердiң, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерiн өткiзу туралы» Жарлығына сәйкес 22-25 қаңтар аралығында қала және ауыл әкiмдерi 2020 жылы атқарылған жұмыстары жайлы тұрғындар алдында есеп бердi.
Елдi мекендерде болып өткен жиындарға аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай да қатысты. Аталған есептi жиындар 22 қаңтар күнi Достық, Ақшеңгелдi, Сүткент, Қызылқұм, Алатау батыр, Ұзын ата ауылдарында, ал 25 қаңтар күнi Көксу, Қоссейiт, Қ.Тұрысбеков, Жаушықұм ауылдары мен қала орталығында ұйымдастырылды.
Есеп жиындар барысында қала және ауыл әкiмдерi атқарылған жұмыстарға тоқталып, жергiлiктi тұрғындардың ауыл төңiрегiнде көтерген мәселелерiне жауап бердi.
Жиын соңында Қ.Жолдыбай ауылдық округтердегi тұрғындардың алдында қорытынды сөз сөйлеп, ауыл әкiмдерiнiң атқарған жұмыстарына оң баға бердi.
Аудан басшысы өз сөзiнде: «Ауыл әкiмдерiнiң атқарған жұмыстарына берген бағаларыңыз тiкелей аудан әкiмдiгiне берген бағаларыңыз деп бiлемiн. Сондықтан да, кез келген мәселелерiңiз бен ұсыныстарыңызды ашық айтып, бiрге шешуге атсалысайық» – дедi.
Сонымен қатар, аудан әкiмi 10 ауылдың тұрғындарына жеке қабылдау өткiздi. Ауыл тұрғындары тарапынан спорт алаңшаларын салу, ағын су, қашыртқыларды тазалау, суармалы және жайылымдық жерлердi рәсiмдеу, ағын су тарифын реттеу мен төлемақысын төлеу, ағын су каналдарын жөндеу, электр жарығының жүйесiн реттеу, интернет желiсiн тұрақтандыру, «Омега» қондырғысының сүзгiсiн ауыстыру, көшелердi абаттандыру мен тас төсеу, жарықтандыру, көпiр салу, саябаққа тал егу, мәдениет үйiн жөндеу, көшеге жол кедергiсiн қою, жер учаскесiн заңдастыру, толыққанды газдандыру, медициналық аппараттардың сапасын жақсарту, халықты жұмыспен қамту секiлдi мәселелер бойынша сұрақтар қойылды.
Өңiр басшысына тұрғындармен қатар жергiлiктi халық сайлаған депутаттардың тарапынан да бiрқатар ұсыныстар мен мәселелер айтылды.
Аудан әкiмi қойылған сұрақтар мен ұсыныстарға жауап берiп, мәселелердi шешу үшiн жауапты мамандар мен дербес бөлiм басшыларына тиiстi тапсырмалар бердi.
Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.