Өткен аптада аудан әкімі Қайрат Жолдыбай «El umiti» бастамасын іске асыру аясында, елімізде талантты жастарды қолдауға бағытталған “Елбасы медалі” бағдарламасы аясында жүлделі қола медаль иеленген оқушыларды қабылдады.
«Елбасы медалі» жобасының мақсаты мен міндеті – әрбір қатысушы үшін оның жасына, тұрғылықты жеріне қарамастан білім беру, шығармашылық, мәдени және өзге де қабілеттері мен дарынын кеңейту үшін жағдай жасау болып табылады.
Ауданымыздың білімпаз жастары тұңғыш рет өткен ауқымды жобада жоғары көрсеткіштер көрсетті. Нәтижесінде, Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясынан Әлімжан Дәулетхан Сұлтанбекұлы, Жаббарова Аяжан Бақытжанқызы, «Қоссейіт» жалпы орта мектебінен Жанай Ақниет Мұхтарқызы, М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернаттан Жасұзақ Диана Батырқызы және Бекдиллаева Дана Ердосқызы сынды оқушыларымыз аталған медаль иегерлері атанды.
Салтанатты рәсім барысында «Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Нұсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «El umiti» бастамасын іске асыру аясында елімізде талантты жастарды қолдауға бағытталған “Елбасы медалі” жобасына қатысып, қуатты Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына өз үлестеріңізді қосқандарыңыз үшін, сіздерге, шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің мұндай дәрежеге жетулеріңізге ең бірінші ықпал ететін ол, әрине, ұстаздарыңыз. Сондықтан да, сіздердей шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздарға да алғыс білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір және барлық жаңа бастамаларыңызға шығармашылық табыс, білім шыңына шығар жолында сәттілік тілеймін» – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, аудан басшысы оқушыларды Алғыс хаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Р.ЕРҒАЛИҰЛЫ.