Аудандық ардагерлер кеңесіне Тоқсанбай Бердібеков төраға болып келгеннен бері біршама жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Ардагерлер кеңесі жанынан Әжелер алқасы құрылған. Бұрынғы билердің жұмысын медиаторлар атқаруда. «Әкелер мектебі» құрылып, жұмыс жасауда.

Бұлар жөнінде және алда келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 76 жылдығына байланысты Достық ауылдық бастауыш ардагерлер кеңесінде аудан ауыл округтері  бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары  қатысқан семинарда кеңінен айтылды.

Семинарды ашып, жүргізіп отырған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков мерекелерде аудандағы тыл ардагерлері мен Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жесірлеріне  арнайы барып құттықтау қажеттігі жөнінде айтты.

Семинарда негізінен Достық ауылдық бастауыш ардагерлер кеңесінің жұмысы мен ардагерлер үйін талапқа сай жабдықталу мәселесін насихаттау болды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жора Аманов және Әмзе Мүсәлі, Үсен Қалыбаев, Нұрбас Исаның айтулары бойынша ардагерлер бөлмесі мен мұражайын ашу 2016 жылдан бастау алған. Ауылдық мәдениет үйінен кітапхана жанынан бір бөлме берілген. Ауылдағы үйлерді түгелдей аралап шығып, 1977 жылдан бастап Достық ауылында еңбек еткен азаматтардың – совхоз басшылары мен мекеме қызметкерлері, медицина, балабақша, мектеп, құрылыс, тауарлы сүт фермасында жұмыс жасағандардың  суреттері мен өмірбаяндары жинақталған. Олардың есімдері мен суреттері, өмірбаяндары ардагерлер үйінің қабырғаларына арнайы жасалған фотостендте ілінген.    Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би, Абай Құнанбайұлының ұлағатты қанатты сөздері де көрнекті жерге ілінген. Мүсәлі Әмзе  Оспанұлының «Қызылқұм массивінің І кезеңі – 1958-1977 жылдары, Шардара ГЭС-тің құрылысының басталғанына 60 жыл, және «Қызылқұм массивінің ІІ кезеңі – 1977-2018 жылдары, Достық совхозының құрылғанына 40 жыл» атты шежіре – альбом кітабы мен «Шардараның алғашқы тың игерушілері» түрлі-түсті суретті кітаптары да осында қойылып, мұнда келушілердің назарына ұсынылуда. Одан Достық ауылының  1977-2016 жылға дейінгі тарихы жөнінде мол мағлұматтар алуға болады. Ардагерлер үйіне қажетті жиһаздарды осындағы және бұрын осы ауылда туып-өскен басқа жақта жұмыс жасайтын кәсіпкерлер демеушілік көрсетіп алып берген. Жақында ғана мұнда аудан әкімі  Қайрат Жолдыбайұлы қонақта болып, компьютер сыйлапты.

Қазіргі таңда мұнда жергілікті  полиция бөлімі, медицина, мектеп басшыларымен кеңестер өткізіліп, ауылдағы тұрмыстық отбасылық жанжалдар шешілуде. Дүкен сатуышыларына да бағаны негізсіз көтермеу жөнінде, пандемияға байланысты сақтық шараларын сақтау жөнінде кеңестер айтылады.  Алдағы кезде мектеп оқушыларының тәрбие сабақтарын осы ардагерлер үйінде өткізіп, мұражайымен таныстыру да ойларында бар. Жас өскелең ұрпақ Достықтың ел-ағалары жайлы, олардың өмір тарихы жайлы біліп жүруі тиіс дейді ардагерлер.

Мұнан соң аудан, ауыл округтеріндегі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағалары, аудандық медиатор Жанайдар Биту, аудандық мұражай директоры Нұрлан Смайылов, «Әкелер мектебі» туралы Нұрғали Ибрайым және басқалар ауылдық ардагерлер үйінің жұмысын жандандыру мақсатындағы өз ойларын ортаға салды.

Жақында ауданымызға іссапармен келген облыс әкімі Ө.Шөкеев аудандық ардагерлер үйінде болғанда ардагерлерді алып барып жаңарған Түркістанды көрсету керек деген болатын. Семинарда осыған орай, қаладан, ауыл округтерден ардагерлерді Түркістанға саяхатқа алып бару, демалыс орындарына жіберу мәселелері де айтылды.

Қоссейт ауылдық бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Түгелқос Жанықұлов алдағы 5 мамыр күні Қоссейіт ауылынан Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің есімдері жазылған мемориал тақтаның ашылу  салтанаты болатынын хабарлап, оған қатысушы болуға шақырды.

Жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Сағындық Ізбасқанов қатысып, ардагерлердің барлық уақытта да қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын  нығайту, елдің берекесі мен бірлігін сақтау жолында аянбай еңбек етіп келе жатқандығын айтып, аудан ардагерлерінің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Біздің халықта «Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын»  деген аталы сөз бар. Берекенің бастауы – елдің бірлігі мен ынтымағы екенін бабаларымыз бағзыдан біліп, жұртшылықты ауызбіршілікке үндеп огтырған. Қазақта «Қарты бар елдің –қазынасы бар», «Ауылыңда қартың болса – жазып қойған хатпен тең» деген аталы сөздер бар. Ендеше, қазыналы қарттарымыз әрдайым аман болып, бейнеттің зейнетін көріп отырған аға-апаларымыз  бен замандастарымыздың дендеріне саулық, шаңырақтарына құт-береке тілейміз. 

Жаңабай Сейдуәлиев.