Шардара ауылындағы Абылай Әлімбетов атындағы жалпы орта мектебінде жиырма жылдан астам уақыттан бері үздіксіз мұғалім болып істеп келе жатқан Бабаева Шарофат  Куканбайқызын әріптестері  үлгілі ұстаз ретінде мақтаныш етеді.

Ол Душанбе қаласындағы Тәжікстан мемлекеттік университетінің химия, орыс тілі факультеттерін тамамдаған. Тұрмыс жағдайымен Шардара ауылына келіп, осындағы А.Әлімбетов атындағы жалпы орта мектебінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Осы жылдар ішінде жас өскелең ұрпаққа  сапалы тәрбие мен білім берудің қыр-сырын жетік меңгерді. Іс-тәжірибе жинақтады. Аудан, облыс көлемінде өткізілетін іс-шараларға  белсене араласты. Одан білім нәрімен сусындаған шәкірттері республикамыздың өңірлерінде әр салада еңбек етуде. Яғни, бұл күндері ұстаздардың ұстазы атанған.

Қашанда ел үшін еткен еңбек ескерусіз қалмайды. Республикалық ғылыми-әдістемелік және педагогикалық «Қазақстанның білім және ғылым әлемі» журналының мұғалімдердің іс-тәжірибесін тарату мақсатында ұйымдастырған «Білім-керуен» бағдарламасы бойынша екпінді әрекет еткені үшін құрмет грамотасымен, «Мектеп» журналының  Оңтүстік Қазақстан облысындағы талапты педагог қызметкерлерді анықтау және тиімді жұмыс жасайтын мұғалімдердің озық іс-тәжірибесін тарату мақсатында ұйымдастырған «Үздік мұғалімнің- үздік сабағы»  байқауына қатысып, үздік ашық сабақ үлгісін ұсынып, үлес қосқаны, облыс көлеміне таратылатын кітапқа енгені үшін «Серификатпен» марапатталды. Жалпы білім беретін мектептердің 7-8 сынып оқушылары арасында жаратылыстану –математикалық циклындағы пәндер бойынша республикалық жасөспірімдер олимпиадасының облыстық кезеңіне жеңімпаз оқушыны дайындағаны үшін ұлағатты ұстаз ретінде облыстың білім басқармасының басшысы  И.Сағындықовтың грамотасымен наградталды. Сол сияқты, 2019 жылы тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген  табыстары мен үлесі үшін Қазақстан  Республикасы  Білім және Ғылым Министірі   Е.Сағадиевтің  Құрмет грамотасына ие болды.

Шарофат Куканбайқызының өмір жолдасы Шамаханбет Ибадуллаев та ұстаз. Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінде орыс тілі пәнінен сабақ береді. Екеуі екі ұл, екі қызды тәрбиелеп өсіруде. Ұлы Сиявуш Алматыдағы қаржы институтын   бітірген. Шардара аулындағы  пошта байланыс бөлімінде қызмет жасайды. Қызы Жұлдыз Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетін бітірген. Стамбул қаласында аудармашы болып қызмет етеді. Рухшонасы Шымкент медициналық колледжінде оқыса, Русланы 10 сынып оқушысы.

Өздері тәжік ұлтының өкілдері болғанымен, қазақы салт-дәстүрлерді жақсы біледі, тұрмыстарында да  қолданады. Бар білімдерін тәуелсіз еліміздің саналы да  білімді ұрпағын тәрбиелеуге арнаған ерлі-зайыпты ұстаздар-Шамаханбет пен Шарофатты ертеңгі мерекелерімен құттықтап, мерейлері әрқашан биік болсын дейміз.

                               Ж.Әліқұлұлы.