Аптаның алғашқы күнінде болып өткен кезекті әкімдік мәжілісінен осылайша ой түйдік. Әкімдік мүшелері мен дербес бөлім басшылары, сала мамандары қатысқан  ауқымды жиынды аудан әкімі Қайрат  Жолдыбай жүргізіп отырды.

Жиын барысында күн тәртібінде бекітілген 3 мәселе қаралды. Атап айтқанда, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, Сүткент және  Достық ауылдық округі әкімдерінің бірінші тоқсанда атқарған жұмыстары бойынша есептері мен алдағы уақытта атқаратын жұмыстары туралы баяндамалары тыңдалды.

Ағымдағы жылдың басынан бері атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттемелер бойынша баяндаманы алғаш болып төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Сатбаев бастады. Ол жыл басынан бері 3 отырыс өтіп, 7 мәселе қаралғанын айтты. Сондай-ақ, бірқатар күн тәртібінде тұрған мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, қазіргі кезде қарқынды жүзеге асып жатқан дала өрті қауіпсіздігі мен тұрмыстық өрттерден сақтану секілді шаралардың барысымен таныстырды.

Мұнан соң сөз алған Достық ауылдық округінің әкімі  Рақымжан Әнуарбек пен Сүткент ауылдық округінің әкімі Олжас Айдос өздері басшылық етіп отырған аймақтарда көрсетілген мерзім ішінде атқарылған жұмыстар жайлы айтып өтті. Ауыл әкімдері мал шаруашылығы саласы, пандемияға қарсы шаралар, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту, егіншілік өнімін арттыру, абаттандыру, көгалдандыру, денсаулық сақтау және аудан әкімдігі тарапынан хаттамалық тапсырмалардың орындалуы бойынша хабарлама жасады. Сонымен қатар, ауыл әкімдері алдағы уақытта атқарылуға тиісті жұмыстарымен таныстырды.

Сұрақ-жауап барысында Достық ауылында ауыз су тұрақты беріліп тұрғанымен, нысанның қарауылы, судың ақысын жинайтын адамның жоқтығы белгілі болды. Аудан әкімі бұл мәселеге жауапты «Шардара коммуналсервис» МКК басшысы   Қ.Акбаровқа «Бар нәрсеге иелік етіңіз. Қарауылдың айлық жалақысын көтересіз бе, материалдық жағдайын жасайсыз ба, 1-2 күнде мәселені шешіп, шешімін айтыңыз» – деп қатаң талап қойды. Ал Сүткент ауылында көктемгі дала жұмыстарына арналған жеңілдетілген жанар-жағармайдың осы күнге дейін 1 тоннасы да тасымалданбапты. Ауыл әкімі бұл жағдайдың шаруалардың несие ұйымдарынан қаржы ала алмай отырғандығымен байланысты екендігін айтады. 

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай: «Былтырғы жылы індеттің өршуіне байланысты межелеген жоспарлардың біршамасын орындай алмадық. Биыл олай болмайды. Керісінше, карантин кезеңінде кімнің іскер екендігі айқын сезілмек. Ендеше, жұмысты ширата түсіңіздер» – деді. Сонымен бірге, баяндамашыларға көтерілген мәселелер мен өзге де тапсырмаларды дер кезінде шешуді тапсырды.

Өз тілшімізден.