«Nur Otan» партиясы Шардара аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комитеті тарапынан аудан орталығындағы А.Иманов атындағы 300 орындық орта мектептің құрылысына бақылау жұмыстары жүргізілді. Өйткені биылғы жылы облыс көлемінде бейімдеуден өтуі тиіс нысанның бірі – осы мектеп.

Бақылау нәтижесін жарияламас бұрын жаңадан салынып жатқан білім ошағы жайлы азды-көпті мәліметті өздеріңізбен бөлісе отыралық.

Аталған нысанның сметалық құны – 936, 4 млн. теңге, конкурстық құны – 866,3 млн. теңге. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме «БЕК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС), инжинирингтік қызметті «Құрылыс Сапа 2014» ЖШС атқарса,, авторлық қадағалаушы мекеме «Корпорация Асыл-Строй» ЖШС.

2018 жылы облыстық бюджеттен 80 млн. теңге бөлініп, жоспарға сәйкес игерілсе, 2019 жылы бөлінген 153 млн. теңге, 2020 жылға бөлінген 312 231 000 теңге игерілген. Білім нысаны Түркістан облысының коммуналдық меншігіне өткізілген.

Құрамында «NurOtan» партиясы Шардара аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерғали Қарымсақов, партиялық бақылау комитетінің төрағасы Сәбит Лахановтар болған партиялық бақылау барысында, аталған нысанда жұмыстың тым сылбыр жүріп жатқандығы айқындалды. Маңызды болып табылатын құрылыс басында жауапты мердігер мекеме тарапынан ешбір қызметкерді кездестіре алмадық. Мектептің кіреберісіне орналасуы тиіс пандустың өзі түгілі көлеңкесі де жоқ болып шықты. «Бұл қалай?» деген сауалға жауап беретін ешкім жоқ.

Биылғы оқу жылы басталарда пайдалануға берілуі тиіс мектепте жүріп жатқан құрылыс жұмыстары көңіл көншітпейді. Құрылыс басында небәрі 9 адам (оның барлығы шеттен келген өзбек ағайындар) жүр. «Әшуләсін» (өзбекшеден аударғанда ән деген мағына береді) әуелетіп қойған өзағаңдар әншейін жүргендей көрінеді. Нысанды 2 сағаттай бақылағанымызда, қолдарына құрылыс сайманын алып сыбанып жатқан ешкімді көрмедік. 200 метрдей арақашықтықтан жеткізілген ток көздері 3-4 жерден жалғанған екен. Бұл дегеніңіз тіпті сын көтермейді. Өйткені құрылысқа өте таяу жерде мектеп оқушылары білім алып жүр. Аула бекітілгенімен, балалар байқаусызда сол жаққа барып, ток көзіне түсіп қалмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Құрылыс осы қарқынмен кете берсе, мектепті оқу жылы басталар кезең былай тұрсын, ендігі жылы да бітіре алмасы анық.    

Мемлекеттің қыруар қаражаты жұмсалып жатқан аса маңызды жұмысқа бұлайша бейжай қарауға болмайды. Партиялық бақылаудың негізгі міндеті – осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу.

«Nur Otan» партиясы Шардара аудандық филиалы.