Ауданымызда елу жыл көлемінде денсаулық саласында еңбек етіп келе жатқан Әлменовтер отбасы жайлы көпшілік жақсы біледі.

Нақтырақ айтар боласақ, Алматыдағы Аспандияров атындағы медициналық институтының стамотология факультетін бітіріп, ауданымыздағы  аумақтық ауруханада  Әлменов Түймебай мен Әлменова Айша 1971 жылы алғашқы еңбек жолдарын бастаған. Яғни, олардың отбасын құрағандарына да биыл елу жыл.

Осы жылдар арасында ерлі-зайыпты дәрігерлер көптің құрметіне бөлене білді. Әлменов Түймебей ағамыз атақты дәрігер Әбуов Кеңесбек пен жиырма жылдай бірге жұмыс жасап, өзінің іс-тәжірибесін жинап, медицина ісінің ардагері Шардара ауданының құрметті азаматы  деген мәртебелерге жетті. Әлі де өз жұмысынан  қол үзбей, іс-тәжірибесін кейінгі толқын жастарға үйретуде.

Ал Айша Байжұманқызы болса, ол да еселі еңбегінің арқасында мемлекеттік «Шапағат» медальінің иегері болып, Республикалық Денсаулық сақтау басқармасының  «Алтын дәрігер»  төсбелгісін кеудесіне тақты. Есімі Ресей, Болгария, Украйна  және Қазақстан Республикалары  бірлесіп шығарған энциклопедиясының «Қазақстанның ерекше азаматтары» топтамасына жазылды. Мұның бәрі де олардың еңбектеріне берілген жоғары баға, зор құрмет.

Әке-ана жолын қуаған Серғазы Түймебайұлы ауданымызда  клиниканы басқарды, облыстық денсаулық сақтау басқармасында орынбасар болып, қазір наркологиялық деспансерде басшы. Қызы Ардақ  Түймебайқызы перзентхананы басқарады.

Әлменова Айша Байжұманқызы 2003 жылдан бері Көксу дәрігерлік емханасын басқарады. Халыққа көрсетілетін  медицианалық қызметті одан әрі жетілдіріп, арттыру мақсатында Баспанды фельдшерлік пунктін жаңадан салып, өткен аптада пайдалануға ұсынды. Ашылу салтанатында  Көксу ауылдық округінің әкімі Әділхан Исатай сөз сөйлеп, алғысын білдірді.

- Бізде медициналық пункт елу жылдан астам уақыттан бері осындағы мектептің бір бөлмесінде ғана болып келді. Кейінгі жылдары тіпті ол мүмкіндік те болмай, біреудің үйін жалға алған кез де болды. Бірақ Айша Байжұманқызының  көмегі арқасында, көрсетілетін медициналық қызмет бір сәтке де тоқтамады. Енді, міне, жаңаша өз алдына жеке медициналық пункт салып беріп, баршамызды қуанышқа бөлеп отыр. Сондықтан ауыл тұрғындары атынан айтар алғысымыз шексіз, - дейді ауыл қариялары Света Еспенбетова пен Жорақұл Юсупов.

Баспандыда қазір 176 тұрғын бар. Оның жүзден астамы балалар. 47 әйел бар. Диспансерлік есепте 28 адам тұрады. Оларға қажетті тегін дәрілер жетікізіп беріп, тиісті ем-домын фельдшер Әлия Әшекова мен кіші мейірбике Маржан Еспенбетова көрсетеді.

Мұндағы көрсетіліп жатқан медциналық қызметке ауыл тұрғындары дән риза.

Ж.Әліқұлұлы.