Шардарада баспанаға мұқтаж тағы бір отбасы өз алдына үйлі болып, қуанышы арта түсті.

Отағасынан ерте айырылып, аурушаң балаларымен тұрмыс тауқыметін тартып жүрген Ұлданай Керімжановаға ағайындары бірнеше бөлмелі жер үй әперіп, үлкен тарту жасады. Қайырымдылық істерімен көптің алғысына бөленіп жүрген елжанды азаматтың бірі, еңбек ардагері Амангелді Саудабаевтың ұйытқы болуымен бір топ ағайындар осындай сауапты істі жүзеге асырды.

– Су жүйелері мекемесінде қажырлы еңбек етіп, зейнетке шыққан соң Шымқалаға қоныс аударған Әсембек Тоқпанов ағамыздың баспанасы біраздан бері бос тұрған еді. Сол үйді Ұлданай келінімізге алып берсек қалай болады деп ақылдастық. Әсембек ағамыздың азаматтығы сол – баспананы ақысыз-пұлсыз тарту жасады, – дейді Амангелді Саудабаев.

Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып ауызбірлікпен тірлік істеуді әдетке айналдырған ағайындар сол үйге 700 мың теңгеге жөндеу жұмысын жүргізіп, жап-жаңа баспанаға айналдырды. Бұл жөндеу жұмысына Амангелді ағамыздың өзі бас болып, Мұрат Мәліков есімді кәсіпкер жігіт демеушілік жасады. Кешегі апта соңында баспананы Ұлданай Керімжановаға салтанатты түрде сыйға берді.

Іс-шараға арнайы келген Әсембек аға мен оның ұлы Құдайберген Тоқпановтар «қоныс жайлы болсын» деген ақ тілегін білдірді. Тыл ардагері Сарымсақ Омаров ақсақал  «Біздің ата-бабамыз әлімсақтан бері жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, өз қамқорлығына алып жүрген. Осы шаңырақтың іші құт-берекеге тола берсін»-деп ақ батасын берді.

Сауапты тірлікке қатысқан қала әкімі Ережеп Бекет қайырымдылықтың үлгісін көрсетіп отырған Әсембек Тоқпанов пен Амангелді Саудабаевқа, жеке кәсіпкер Мұрат Мәліковке Алғыс хат пен қоғамдық бірлестіктердің медальдарын көп алдында, елдің атынан рахмет айта отырып, табыс етті.

Осылайша, жүрегінде намыс оты бар азаматтардың қайырымдылығының арқасында баспанаға мұқтаж бір отбасы үйлі болды. Мұндай игі істі өзгелер де жалғастырып жатса нұр үстіне нұр.

         К.ҚҰЛЫМБЕТТЕГІ.