Сәрсенбі, 16 маусым күні аудан әкімі Қайрат Жолдыбай қол күресінен әлем чемпиондарын қабылдады.
Айта кетсек, ағымдағы жылдың 30 мамыр күні Шардара қаласында Шардара және Әлем құрамасы арасында қолкүресінен үлкен сайыс өтіп, жерлестеріміз бірде-бір қарсыласқа мүмкіндік бермей, айқын басымдықпен жеңген болатын.
Аудан басшысы сол жарысқа қатысып, бүкіл әлемге еліміздің атын, оның ішінде Шардараны шартарапқа танытып жүрген "Шардара армспорт" клубының спортшыларына ерекше алғыс білдірген болатын.
Аудан әкімі сол жарыста еліміздің намысын қорғаған Нұрдәулет Айдархан, Талғат Ақтаев, Қаржау Есболат, Нұрмахан Ердәулет және Қадір Нұрдәулет сынды жерлестерімізді жеке қабылдап, оларға ерекше ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.
"Сіздерді Шардара қаласында армрестлинг спортынан Шардара және Әлем құрамасы арасындағы жарыста, еліміздің намысын қорғап, жеңіс тұғырына көтеріліп, жеңімпаз болуларыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, шынайы алғысымды білдіремін. Бойларыңыздағы қайсар мінез бен жалынды жігердің арқасында мұнан бұрын да жеңіс тұғырына көтеріліп, Шардара ауданында армрестлинг спортының дамуына белсенді түрде атсалысып, Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатып келе жатқан ерен еңбектеріңіз бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек. Салауатты өмір салтын ұстанып, халықтың көз қуанышына айналып отырған ұландарымыздың қатары арта берсін. Шардаралық спортшылардың жеңісті жолдары бұдан әрі де жалғасын таба береді деп сенемін" – деді аудан басшысы.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.